Accessibility links

Астанада терроризмге қарсы жаттығу өтіп жатыр


Астаналық полицейлер (Көрнекі сурет).

Астаналық полицейлер (Көрнекі сурет).

Астанада бүгін Күмісбеков көшесінде орналасқан бұрынғы жұқпалы аурулар ауруханасының территориясында терактінің алдын алу мен оның салдарын жоюға қатысты жаттығу өтіп жатыр деп хабарлады қалалық ішкі істер департаменті.

Ресми мәлімет бойынша, жаттығу қалалық терроризммен күрес жедел штабы күштерінің алға қойылған тапсырманы орындауға дайындығын тексеру үшін өткізіліп жатыр. "Жаттығу түрлі күрделі элементтері бар әскери жағдайға барынша жақындастырылған. Қала тұрғындары мен қонақтарын сабырлық сақтап, дүрлікпеуін сұраймыз" делінген департамент хабарламасында.

Терроризмге қарсы жаттығу кеше Алматыда да өткен. Алматыдағы универсиада ойындарына арнап салынған ғимараттарда өткен "Тамыз-Антитеррор-2016" деп аталатын жаттығуды қалалық терроризммен күрес штабы ұйымдастырған.

Қазақстанда 5 маусымда Ақтөбеде болған шабуылдардан соң террористік қауіп-қатердің "сары" деңгейі жарияланған. 5 маусымда Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

18 шілдеде Алматыда ҰҚК департаменті мен ішкі істер бөліміне қарулы шабуыл жасалып, салдарынан сегіз адам, оның ішінде алты полиция қызметкері қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG