Accessibility links

Боқаев пен Аянның арыздары қанағаттандырылмады


Белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның жақтастары абақты алдында тұр. Атырау, 29 шілде 2016 жыл
Белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның жақтастары абақты алдында тұр. Атырау, 29 шілде 2016 жыл

Атырау облыстық соты азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның қамау мерзімін өзгерту туралы апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

Соттың баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, істі қараған апелляциялық сот алқасының судьясы Райса Аққұлова Макс Боқаев пен Талғат Аянды қамауда ұстау мерізімін тамыздың 31-іне дейін созу туралы алдыңғы сот шешімін күшінде қалдырды.

Тамыздың 5-cі күні таңертеңгі 10-да басталып түске дейін созылған апелляциялық сот отырысы жабық жағдайда өтті. Сотқа қатысуға барғандар сот ғимаратының айналасына күзет күшейтіліп, есіктер жабылғанын айтады.

- Макс Боқаевқа қатысты сот қаулысы бірден айтылды, оны тамыздың соңына дейін қамауда ұстау туралы шешім өзгертілмеді. Ал Талғат Аянға қатысты шешім түстен кейін шығарылғанымен оны тыңдауға ешкім бармады, себебі оған да дәл сондай шешім шығарылатыны белгілі еді, -дейді құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева.

Оның сөзінше сотқа қатысуға Атыраудағы азаматтық белсенділерден құрылған Макс пен Талғатты қолдау бастамашыл тобының мүшелері толық жиналған.

- Бізді қуантқаны сот процесіне біз мүлде танымайтын екі-үш қала тұрғыны келді. Олар Facebook-тен оқып, қолдау білдіру үшін келгендерін айтты, - дейді Нұрғазиева.

Макс Боқаевтың туысы Ақмарал Боқаева қамаудағылардың адвокаты Төлепқали Аяновтың сот ісі материалдарымен танысу үшін СИЗО-ға кеткенін айтты.

Атырауда «жер туралы» 24 сәуірде өткен митингтің қатысушылары Макс Боқаев пен Талғат Аян 17 мамырда қамауға алынған еді. Сот алды тергеуі барысында Боқаев пен Аянға әуелде тағылған «билікті басып алмақ болды» деген айып алып тасталып, қалған «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздырды», «төтенше жағдай кезінде немесе соғыс жағдайында не көпшілік іс-шаралар кезінде көпе-көрінеу жалған таратты», «жиын, митинг, пикет немесе демонстрацияны ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бұзды» деген айыптар қалдырылған.

Атырауда басталған шеруден кейін Алматы және басқа қалаларда белсенділер мамырдың 21-і күні наразылар митингіге шығуға тырысқанымен, көшедегі адамдарды жаппай полиция ұстаған. Мамырдың 21-і қарсаңында және сол күні ұсталған белсенділердің арасынан 30-дан астам адам 15 тәулікке қамалған.

XS
SM
MD
LG