Accessibility links

Павлодарда сібір жарасын жұқтырған науқас ауруханадан шықты


Павлодардағы жұқпалы аурулар ауруханасы. Тамыз 2016 жыл.

Павлодардағы жұқпалы аурулар ауруханасы. Тамыз 2016 жыл.

Павлодарда бүгін жұқпалы аурулар ауруханасынан өткен айда сібір жарасын жұқтырып түскен науқас шығарылды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Облыстың сібір жарасы шыққан Ұзынсу ауылының тұрғыны, 31 жастағы әйел ауруханада бір ай емделді. Бұл уақытта науқас аса қауіпті инфекциялар бөлімінде жеке өзі бір палатада жатты.

- Анализдерінің нәтижелері теріс болып шықты. Оның ағзасында сібір жарасының қоздырғыштары жоқ. Науқастың барлық жарасы қайтып, толықтай айықты. Сол себепті оны шығардық, - деді Азаттыққа Павлодар облысының бас эпидемиологы Гүлмира Құлмағамбетова.

Қазір ауруханада дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан соң аса қауіпті инфекциялар бөлімі жабылмақ.

Ұзынсу ауылында сібір жарасы індеті маусымның соңында тіркелген. 8 шілдеден бері ауылдың екі тұрғыны сібір жарасы белгісімен ауруханаға түсіп, оның бірі қайтыс болған. Кейін сібір жарасының белгілері тағы бір тұрғыннан байқалып, ауруханаға жатқызылған. Бұдан соң ауылда 15 күн карантин жарияланған.

Эпидемиологиялық тергеу нәтижесінде ауыл тұрғындары сібір жарасы індетін жұқтырған сиырды сойғаны анықталған.

XS
SM
MD
LG