Accessibility links

Сот ректордың "ар-ұждан" шағымын қанағаттандырды


Белсенді Марат Жанұзақов.

Белсенді Марат Жанұзақов.

Көкшетау қалалық сотының судьясы Могульсум Сатубалдинова Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаровтың жергілікті «Курс» газеті мен белсенді Марат Жанұзақовтың үстінен жазған шағымын ішінара қанағаттандырды. Бұл туралы Азаттыққа Марат Жанұзақов хабарлады. Сот шешімі бойынша, «Курс» газеті Әбдімүтәліп Әбжаппаровқа 40 мың теңге, Марат Жанұзақов ректорға 20 мың теңге моральдық өтемақы төлеуі тиіс.

- Адвокатыммен сөйлестім. Материалдық тұрғыдан келгенде сот шешімімен келісеміз. Енді сот шешімін сыйлағандықтан терістеу мақала жазуым керек, - дейді Марат Жанұзақов.

«Курс» газетінің иесі Мұрат Айбашпанов сот шешіміне байланысты ресми өкілі, заңгер Ирина Эисмонтпен әлі ақылдасатынын айтты.

Судьяның хатшысы Әйгерім Жексенбаева Азаттыққа сот шешімін растады. Ол онымен бірге сот шешімі күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде терістеу мақала жариялануы тиіс екенін, "Курс" газеті мен Марат Жанұзақовтың әр қайсысы 7 661 теңгеден сот шығынын өтеуі міндетті екенін айтты.

Ректор Әбжаппаров шағымында «Курс» газетінде жарияланған «Мемлекеттік университеттің бір хаттағы бейнесі» («Госуниверситет в зеркале одного письма») атты мақала «ар-ұжданыма нұқсан келтірді» деп сотқа шағымданған болатын. Ол мақаланы терістеуді және басылым мен мақала авторы Марат Жанұзақовтың әрқайсысынан 1 миллион теңгеден моральдық өтемақы төлеуді талап еткен.

XS
SM
MD
LG