Accessibility links

Жақтастары Козловты туған күнімен түрме алдында құттықтады


Владимир Козловтың жақтастары Заречный кентіндегі түрме алдында тұр. Алматы облысы, 10 тамыз 2016 жыл.

Владимир Козловтың жақтастары Заречный кентіндегі түрме алдында тұр. Алматы облысы, 10 тамыз 2016 жыл.

Түрмеде отырған оппозицияшыл саясаткер Владимир Козловтың бірнеше жақтасы бүгін оны туған күнімен құттықтау үшін Алматы облысының Заречный кентіндегі түрмеге барды.

Жақтастары Жасарал Қуанышәлин, Михаил Сизов, Нұрлан Жолдасов, Вадим Акинфеев, Сергей Измайлов, Кенже Әбенов, Юлия Козлова өздерімен бірге түрмеге Владимир Козловтың суреті салынған және "Туған күніңмен, Владимир Иванович!" деген жазуы бар екі плакат алып барды. Олар плакатқа өздерінің Козловқа деген тілегін жазып, оны адвокат Айман Омарова арқылы түрмеге беріп жіберді. Омарова түстен кейін Козловпен кездесу үшін түрме территориясына кірген.

2012 жылдан бері қамауда отырған Владимир Козлов 56 жасқа толды. Бүгін бұған дейін Козловпен кездесуге түрмеге оның әйелі Әлия Тұрысбекова барған. Әлия Тұрысбекова Қапшағай қалалық соты 4 тамызда Козловты мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға шешім шығарғандықтан бұл кездесу күйеуімен түрмедегі соңғы кездесуі болады деп үміттенеді. Егер сот шешіміне 19 тамызға дейін апелляциялық шағым берілмесе онда Козлов түрмеден босауы тиіс.

2012 жылы Жаңаөзендегі 2011 жылғы оқиға кезінде "әлеуметтік араздық қоздырды" деген айыппен жеті жарым жылға сотталған Владимир Козлов соңғы жылы жазасын қатаң режимде өтеген. Оның бабы бойынша сотталған адам Қазақстан заңдарына сәйкес жазасының кем дегенде жартысын түрмеде өтеп, сосын барып өзін шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы арыз бере алады.

Козлов пен оның жақтастары саясаткерге қарсы істің саяси астары бар деп санайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG