Accessibility links

ҰҚК: Қорғанысқа бөлінген қаржыны жымқырған топ әшкереленді


Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Қазақстан қарулы күштерінің қажеттілігіне бөлінген бюджет қаржысын жымқырумен айналысты деген күдікпен қорғаныс министрлігі мен қаржы министрлігінің бес лауазымды өкілі және төрт кәсіпкердің ұсталғанын хабарлады.

ҰҚК баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 8 тамыз күні ҰҚК әскери қарсы барлау департаменті Қазақстан қарулы күштері материалды-техникалық қамтамасыз ету бас басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Т.Жұмқазиевті "20 миллион теңге пара алып тұрған жерінде" ұстаған.

ҰҚК жедел іздеу шаралары барысында Т.Жұмқазиевтің "коррупциялық жүйе құрғаны анықталғанын" айтады. "Мұның құрамына қорғаныс министрлігі, қаржы министрлігінің лауазымды өкілдері мен өзара үлесі бар бірнеше коммерциялық құрылымдардың басшылары кірген" дейді ҰҚК.

Қауіпсіздік қызметінің ақпаратына қарағанда, Т.Жұмқазиев қорғаныс министрлігінде конкурстық комиссия төрағасы болып тұрып бірқатар кәсіпкерлердің мүддесін қорғаған және бұл үшін қорғаныс министрлігі мен қаржы министрлігіндегі бақылаушы органдардың лауазымды тұлғаларының мүмкіншілігін пайдаланған.

Бұл бойынша қылмыстық іс қозғалған. Жедел іздеу шаралары кезінде үлкен көлемде Қазақстан валютасы мен шетел валютасы тәркіленген.

ҰҚК жедел-тергеу шаралары жалғасып жатқанын, оның нәтижелері қосымша хабарланатынын айтады.

XS
SM
MD
LG