Accessibility links

Ақтөбеде "WhatsApp арқылы терроризмді насихаттау" айыбымен 3 адам сотталды


"WhatsApp желісінде терроризмді насихаттады" деп айыпталып, сотталушылар (артқы жақта торда) мен олардың адвокаттары (алдыңғы қатарда отырған). Ақтөбе, 11 тамыз 2016 жыл.
"WhatsApp желісінде терроризмді насихаттады" деп айыпталып, сотталушылар (артқы жақта торда) мен олардың адвокаттары (алдыңғы қатарда отырған). Ақтөбе, 11 тамыз 2016 жыл.

Ақтөбе қалалық №2 сотында бүгін Шалқар қаласының үш тұрғынына WhatsApp арқылы терроризмді насихаттады деген айыппен үкім шығарды деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Судья Зинаида Шымырова 1978 жылы туған Төлебай Мәжитов пен 1980 жылы туған Ерғожа Аманғожинді қылмыстық кодекстің 256-бабының 2 тармағы ("Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру"), 174-баптың 1-тармағы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша қылмыс жасады деп тауып, әрқайсысын сегіз жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті.

1980 жылы туған Мейрамбек Тұрғанбаев қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-тармағы бойынша айыпты деп танылып, 6 жыл 6 айға сотталды.

Сотталушылардың адвокаттары Раушан Ізтілеуқызы мен Бауыржан Ерманов сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым беретіндерін мәлімдеді. Адвокаттар сотталушылардың 2016 жылы 2 маусым күні қамалғанын, 5 маусымда Ақтөбеде билік "теракт" деп сипаттаған қарулы шабуылдардың кесірі оларға да тиді және сотталушыларға қатаң жаза берілді деп есептейтінін айтты.

Төлебай Мәжитов теміржолда жұмыс істеген. Ерғожа Аманғожин уақытша жұмыссыз, ал Мейрамбек Тұрғанбаев инжнер-технолог болған.

Сот материалдары бойынша, сотталушылар WhatsApp желісінде өзара топ құрып, өз араларында тыйым салынған сайттардан материлдардың сілтемелерін бөлісіп отырған. Тергеу әуелде бұл топта жалпы саны 12 адам болғанын, бірақ кейін үшеуіне "белсенді әрекет еткені үшін" айып тағылғанын айтады.

XS
SM
MD
LG