Accessibility links

ОҚО: Сарыағаштық дәрігерлер "емханадағы заңсыздыққа" шағымданды


Бүгін Шымкенттегі "Отырар" телеарнасының баспасөз клубында Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық емханасының бір топ қызметкері «емханадағы заңсыздықтарды әшкере етеміз деп қудалауға ұшырағанын» мәлімдеді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, баспасөз мәслихатына емхана қызметкерлері мен бірге облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық ішкі саясат басқармасының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Сарыағаш аудандық емханасының медбикесі Карима Мүсірәлиеваның айтуынша, күйеуі Ибрагим Жүнісбеков емханада кәсіподақ төрағасы әрі норколог болып жұмыс істеген.

- Күйеуім емханада жұмыс істемейтін қызметкерлерге жалақы төленіп жатқанын дәлелдеймін деп жүргенде жалған жаламен айыпты болып, бір жарым жылға сотталып кетті, - дейді ол.

Медбике Зухра Юлдашходжаеваның сөзінше, емхана басшылығына қарсы шыққан 10 қызметкер әлі күнге қудалаланып келе жатыр. Бұл жөнінде облыстық әкімдікке, облыстық денсаулық сақтау басқармасына шағым түсірілген. Бірақ нәтиже шықпаған. Аурухана қызметкерлері керісінше, "қудалау күшейіп, шағымданғандардың дерлік барлығы жұмыссыз қалғанын" айтады.

Облыстық депсаулық сақтау басқармасының заңгері Мұхтаржан Зұлпыхардың брифингте айтуынша, Сарыағаш аудандық емханасы қызметкерлерінің шағымынан соң мекемені тексеруге арнайы комиссия барған.

- Комиссия мүшелері шағымданушы қызметкерлермен жеке-жеке сөйлесті. Құжаттардың бәрі тексерілді. Шағымданушылардың арызы расталған жоқ. Карина Мүсірәлиеваның күйеуі Ибрагим Жүнісбеков бұдан бұрын да «емхананың бас дәрігері мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны» жөнінде арызданған. Алайда бұл арызды тексеруге біздің құзіретіміз жоқ. Шағымды тексерген облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес бюросы мәселенің мән жайын тексере келе «істе қылмыстық құрам жоқ» деп тапты, - дейді басқарма заңгері.

Десе де брифингке қатысқан емхананың бес қызметкері «емханадағы заңсыз әрекеттерді әшкерелемейінше тоқтамаймыз» деп отыр.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG