Accessibility links

Билік Ор өзені балығының қырылу себебін айтты


Ақтөбе облысындағы өзен, көрнекі сурет
Ақтөбе облысындағы өзен, көрнекі сурет

12 тамызда Ақтөбе облыстық әкімдігі Ор өзеніндегі балықтың қырылу
себебі туралы мәлімдеме жасады. Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясындағы бөлім бастығы Нұрболат Дүйсеновтің айтуынша, 4 тамыз күні Хромтау ауданы Қопа ауылы тұсындағы Ор өзені жағалауынан өлі балықтар табылған.

- Арнайы зерттеу балықтардың оттегі жетіспеуінен өлгендігін анықтады, -деді Дүйсенов.

Әкімдік өкілінің сөзінше, оқиға орнына барған мамандар Орды бойлай үш жерде балық қырылып жатқанын көрген.

- Арнайы зерттеулер жүргізіліп, мамандар өзен суының құрамында аммиак, нитрит пен нитраттардың көбейіп кеткенін анықтады. Оған себеп-шілде айының соңғы 4 тәулігінде облыс аумағында толассыз жаңбыр жауды. Сол кезде Ор өзені арнасынан шығып, тасыған болатын. Су жағалаудағы көңді шайып, ылғалдың көптігінен шіріген өсімдік қалдықтары да өзен арнасына түседі. Жаңбырдан соңғы аптап пен өзен суының ластануынан балықтарға оттегі жетпей қалған, - деді Нұрболат Дүйсенов.

Апта басында әкімдік Ор өзенінің жағалауынан өлі балықтар табылғаны туралы мәліметті растаған. 12 тамызда журналистермен кездескен өкіл қырылған балық саны туралы сауалдарға жауап беруден қашқақтап, "өлі балықтарды шағала жеп кеткендіктен нақты санын білмейтінін" айтты.

Бастауын Мұғалжар тауынан алатын Ор өзені Ақтөбе облысының Мұғалжар, Хромтау аудандарының территориясымен ағады. Балық Хромтау ауданы Қопа ауылының тұсында қырылған. Нұрболат Дүйсеновтің сөзіне қарағанда, 4 тамыздан кейін Ор өзенінде балық қырылу дерегі тіркелмеген.

XS
SM
MD
LG