Accessibility links

Ауыр атлет Денис Уланов 4-орынмен шектелді


Денис Уланов Рио олимпиадасында. 12 тамыз 2016 жыл.

Денис Уланов Рио олимпиадасында. 12 тамыз 2016 жыл.

Қазақстандық ауыр атлет Денис Уланов ерлер арасында 85 килограмм салмақ дәрежесінде қоссайыс бойынша 390 килограмм көтеріп, төртінші нәтиже көрсетті.

Бұл салмақ дәрежесінде 396 килограмм көтеріп жаңа әлемдік рекорд орнатқан Иран атлеті Киануш Ростами чемпион атанды, қытайлық Тао Тиан (395 кг) – күміс, румыниялық Габриэль Синкраян (390 кг) - қола медаль алды. Уланов пен Синкраянның нәтижелері тең болғанымен, жеке салмағы бойынша қазақстандық атлет қарсыласынан 500 грамға ауыр болғандықтан қола жүлде Румыния атлетіне берілді.

«Өте нашар нәтиже көрсеттім. Жаттығуда бұдан да жақсы нәтиже көрсетіп жүргенмін. Cәл толқыдым» деді жарыстан соң қазақстандық спортшы.

Ауыр атлет Денис Улановтың Азаттыққа сұхбаты:

Қазақстандық жанкүйерлер мен жаттықтырушылар Денис Улановтан жүлде күткен еді. Пекин мен Лондондағы олимпиадада алтын алған, кейін допингке байланысты жарыстардан уақытша шеттетілген қазақстандық Илья Ильин спортшыны қолдау үшін Риоға арнайы келген.

Қазір Қазақстанда Рио олимпиадасының екі алтын, екі күміс, үш қола медалі бар. Ауыр атлет Нижат Рахимов пен жүзгіш Дмитрий Баландин олимпиада чемпионы атанған.

Елдос Сметов (дзюдо) пен Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика) күміс, Галбадрах Отгонцэцэг (дзюдо), Карина Горичева мен Фархад Харки (екеуі де - ауыр атлетика) қола медаль иеленген. Қазақстан жалпы есепте қазір 14-орында тұр.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG