Accessibility links

Могерини Киев пен Мәскеуді жағдайды ушықтырмауға шақырды


Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі өкілі Федерика Могерини.
Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі өкілі Федерика Могерини.

Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі өкілі Федерика Могерини Ресей мен Украинаны жанжалдың ушығуына апарып соғуы мүмкін кез-келген іс-әрекеттен аулауқ болуға шақырды. Бұл туралы Еуропа одағының сыртқы саясат қызметінің мәлімдемесінде айтылған.

Украина сыртқы істер министрі Павел Климкинмен телефон арқылы сөйлескен Могерини қалыптасқан жағдайды тек бейбіт жолмен шешуге болатынын айтып, Минск келісімдерін орындау қажеттігін еске салған. Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Донбастағы жанжалды реттеу жөніндегі Германия, Франция, Украина және Ресейдің қатысуымен «норман төрттігі» келіссөзінің мән-мағынасы қалған жоқ деп мәлімдеген.

Еуропа Одағы елдері алдағы аптада саясат және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитеттің отырысында Ресей мен Украина арасындағы жағдайдың ушығуын талқылайды.

10 тамызда ресейлік арнайы қызметтер Қырымда «теракт жасамақшы болған диверсанттар тобы ұсталғаны» туралы мәлімдеген еді. Ресей президенті Владимир Путин Украинаны «террорға ыңғай танытып отыр» деп айыптаған. Киев ондай айыптауларды жоққа шығарып, қандай да болмасын диверсияға дайындыққа еш қатысы жоғын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG