Accessibility links

Рио-2016. Левит финалға, Елеусінов 1/2 финалға шықты


Василий Левит (қызыл формада) пен Эрисланди Савон арасындағы жекпе-жек. 13 тамыз 2016 жыл.
Василий Левит (қызыл формада) пен Эрисланди Савон арасындағы жекпе-жек. 13 тамыз 2016 жыл.

Тамыздың 13-і кешкісін Рио олимпиадасында 91 килограмм салмақта бокстасқан қазақстандық Василий Левит жартылай финалда кубалық Эрисланди Савонды жеңді. Үш төреші де жеңісті Левитке берді. Енді қазақстандық боксшы финалда 2015 жылғы әлем чемпионы ресейлік Евгений Тищенкомен кездеседі.

Жарыстан кейін Левит: «Бірінші раундта бірден боксқа ене алмадым. Ал екінші-үшінші раундта көп соққыларым қарсыласыма дәл тиді. Риоға қыдыру үшін емес, алтын үшін келдік. Сондықтан финалда үздік бокс көрсетуге тырысамын. Түнгі ұйқыларын қиып, бізді тамашалап отырған Қазақстандағы жанкүйерлер үшін тек жеңіске жеткіміз келеді» деді.

Ал 69 килограмм салмақта өткен жекпе-жекте қазақстандық Данияр Елеусінов ширек финалда венесуэлалық Габриэль Маэстрені 3:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты. Ол енді француз Сүлеймен Сиссокомен сайысады.

Бокс ережесі бойынша жартылай финалға шыққан боксшы финалға өте алмаса, бірден қола медаль иеленеді.

– Олимпиадада жай қарсылас болмайды. Сондықтан кездесу оңай болған жоқ. Француз Сиссокомен осыған дейін екі рет кездесіп, екеуінде де жеңіске жеткенмін. Бұл дәстүрді жалғастырғым келеді, - деді Елеусінов кездесуден соң.

Сенбі күнгі сайыста 52 килограмм салмақта рингке шыққан қазақ боксшысы Олжас Сәттібаев та жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтті.

Ал 91 килограмнан ауыр салмақта бокстасқан қазақстандық Иван Дычко әзербайжандық Магомедрасул Меджидовты айқын басымдылықпен жеңіп, ширек финалға шықты.

Риоға барған қазақстандық 10 боксшының үшеуі – Абылайхан Жүсіпов, Берік Әбдірахманов және Біржан Жақыпов ширек финалға өте алмаған.

Әділбек Ниязымбетов пен Жәнібек Әлімханұлы ширек финалға, Олжас Сәттібаев пен Қайрат Ералиев – екінші кезеңге өткен.

Иван Дычконың жекпе-жектен кейін берген сұхбаты:

XS
SM
MD
LG