Accessibility links

Қазақстанда террористік қауіптің «сары» деңгейінің мерзімі бес айға ұзартылды


Полиция қызметкері. (Көрнекі сурет.)
Полиция қызметкері. (Көрнекі сурет.)

Бүгін Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті ел аумағында террористік қауіптің бірқалыпты («сары») деңгейінің қолданыстағы мерзімі 2017 жылғы қаңтардың 15-іне дейін ұзартылғаны туралы хабарлады.

ҰҚК таратқан ақпаратта мұндай шешімді Қазақстан президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы «Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуі қағидаларын бекіту туралы» жарлығына сәйкес Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қабылдағаны айтылған.

Маусым айында Ақтөбеде болған қарулы топ шабуылы және полициямен қақтығыстан соң 40 күнге террорлық қауіп-қатердің «сары» деңгейі жарияланған. 15 шілдеде оның мерзімі тағы бір айға ұзартылған.

5 маусымда Ақтөбеде бір топ адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға әрекет жасаған. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

XS
SM
MD
LG