Accessibility links

Берлин Киев пен Мәскеуді Донбастағы жағдайды ушықтырмауға шақырды


Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер.

Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер.

Германия сыртқы істер министрлігі Ресей мен Украинаны Қырымдағы оқиғалардан кейін Донбастағы жанжалды ушықтырмауға шақырды. Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайердің мәлімдеуінше, Берлин екі елдің арасында Қырым түбегіндегі ахуалға байланысты диалог болады деп үміттенеді.

Штайнмайердің айтуынша, Германия жанжалды реттеу жөніндегі келісімге қол жеткізу үшін жұмыс істеп жатыр. Ол Мәскеу мен Киевті, Қырымдағы ахуалға қарамастан, Минск келісімдерін ұстануға шақырды. Оның сөзінше, екі тарап та «ымырасыздық» танытып отырғандықтан Украинаның шығысында жанжалды шешу ісінде ілгерілеушілік жоқ. Тамыздың басында Біріккен Ұлттар Ұйымы Донбаста жаз айларында соғыс құрбандарының саны ұлғайғаны туралы хабарлаған.

Штайнмайер алдағы дүйсенбіде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездеспекші.

Ресей билігі 10 тамызда Қырым түбегінде «теракт ұйымдастырмақ» болған украиналық «диверсанттардың залалсыздандырылғаны» туралы хабарлаған. Ресей президенті Владимир Путин Киевті «террорға ыңғай танытып отыр» деп айыптап, Донбастағы жанжалды реттеу жөніндегі Германия, Франция, Украина және Ресейдің қатысуымен «норман төрттігі» келіссөзінің мән-мағынасы қалған жоқ деп мәлімдеген. Киев ондай айыптауларды жоққа шығарып, қандай да болмасын диверсияға дайындыққа еш қатысы жоғын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG