Accessibility links

«Шекарасыз дәрігерлер»: Йеменде әуе шабуылынан 10 бала мерт болған


Йемен астанасы Сана қаласында әуе шабуылынан қираған үйдің орнында жүрген балалар. 11 тамыз 2016 жыл.
Йемен астанасы Сана қаласында әуе шабуылынан қираған үйдің орнында жүрген балалар. 11 тамыз 2016 жыл.

Сауд Арабиясы жетекшілік еткен араб мемлекеттері коалициясының әуе соққысынан Йеменнің солтүстігінде 10 бала мерт болып, 30-ға жуығы жараланған. «Шекарасыз дәрігерлер» халықаралық гуманитарлық ұйымының мәліметі бойынша, тамыздың 13-і күні діни мектеп әуе соққысына ұшыраған.

Әуе шабуылынан балалардың мерт болғаны туралы ақпаратты сенбі күні БҰҰ да растаған. Халықаралық ұйым «жанжалға қатысушы барлық тараптарды барынша абайлық танытып, азаматтық инфрақұрылым нысандарының бүлінуне жол бермеуге» шақырған.

Араб елдері коалициясы басшылары болса нысанаға Йемендегі хуситтердің жаттығу лагері алынғанын, ал бұл мемлекеттің үкіметі операция басталар алдында ол жерде ешқандай азаматтық нысандар, соның ішінде мектептер жоғын растаған деп мәлімдеді.

БҰҰ-ның мәліметі бойынша, 2015 жылдың наурыз айынан бері Сауд Арабиясы жетекшілік еткен әскери коалицияның әуе шабуылдары салдарынан қаза тапқан алты жарым мыңға жуық адамның көбі – қарапайым тұрғындар.

XS
SM
MD
LG