Accessibility links

"Қазатомөнеркәсіп" еншілес кәсіпорны Өскемендегі демалыс базасын сатпақ


Шығыс Қазақстан облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Шығыс Қазақстан облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

"Қазатомөндіріс" ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны "Үлбі металлургиялық зауыты" Өскемен қаласына жақын "Сибины" демалыс базасына иелік ететін "Үлбі демалыс базасы" компаниясының жарғылық капиталындағы 100 пайыз үлесін сатпақ. Бұл туралы "Қазатомөндіріс" компаниясы сайтында хабарланды.

Демалыс базасының аукциондағы бастапқы бағасы 345,5 миллион теңге деп белгіленген. Компания демалыс базасын "бейінді емес активтерден" арылу және "Қазатомөндірістің" құнын арттыру мақсатында сатылымға шығарып отырғанын айтады.

Демалыс аймағын баға көтеру әдісі бойынша сату 16 тамызда Астана уақыты бойынша сағат 12-де мемлекеттік мүлік реестрінің веб-порталында жүргізіледі.

"Қазатомөнеркәсіп" компаниясы биыл өз құрамынан 18 бейінді емес еншілес және тәуелді кәсіпорынды шығаруды, оның 8-ін ашық аукцион арқылы саудаға шығаруды жоспарлап отыр. Компания 2017 жылдың соңына дейін еншілес кәсіпорындар санын 41-ге дейін қысқартатынын айтады.

XS
SM
MD
LG