Accessibility links

Боксшы Елеусінов олимпиада финалына шықты


Данияр Елеусінов (көк формада) Рио олимпиадасының финалына шыққан сәт. 15 тамыз 2016 жыл.
Данияр Елеусінов (көк формада) Рио олимпиадасының финалына шыққан сәт. 15 тамыз 2016 жыл.

69 килограмм салмақта бокстасатын қазақстандық Данияр Елеусінов Рио олимпиадасының финалына өтті.

Ол жартылай финалда франциялық Сулеймен Сиссокодан басым түсті. Бірінші раундта үш төреші де жеңісте Елеусіновке берген. Ал екінші раундтың ортасында Франция боксшысының басы Елеусіновке тиіп, қазақстандық боксшының қабағы жарылып кетті. Кездесу тоқтатылып, төрешілер шешімімен жеңіс Елеусіновке берілді. Ол енді финалда өзбекстандық Шахрам Гиясовпен бокстасады.

Кездесуден кейін Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов "техника және жылдамдық жағынан Елеусінов мықты болды. Екінші раундта франциялық боксшы қайта-қайта басын бұғып жүріп алды. Кездесуден кейін франциялық бапкерлер келіп қолымызды алып, финалда сәттілік тіледі" деді.

15 тамызда қазақстандық екі боксшы әзербайжандық қарсыластарынан жеңіліп, жарысты аяқтады. 52 килограмда Олжас Сәттібаев Эльвин Мамишзадеден, 75 килограмда Жәнібек Әлімханұлы Камран Шахсуварлыдан ұтылды.

Елеусіновтен бөлек 91 килограмда финалға шыққан Василий Левит ресейлік Евгений Тищенкодан ұпай санымен ұтылып, күміс медаль алды. Ал Әділбек Ниязымбетов (81 кг) жартылай финалда, Иван Дычко (+91 кг) ширек финалда бокстасады.

XS
SM
MD
LG