Accessibility links

Боксшы Ниязымбетов олимпиада финалына шықты


Әділбек Ниязымбетов ұлыбританиялық Джошуа Буатсиді жеңіп, олимпиада финалына шыққан сәт.
Әділбек Ниязымбетов ұлыбританиялық Джошуа Буатсиді жеңіп, олимпиада финалына шыққан сәт.

81 килограмда бокстасатын Қазақстан боксшысы Әділбек Ниязымбетов Рио олимпиадасының финалына шықты. Ол 16 тамызда жартылай финалда ұлыбританиялық Джошуа Буатсиді 3:0 есебімен жеңді. Ниязымбетов финалда кубалық Хулио Сезар Ла Крузбен кездеседі.

Жекпе-жектен кейін Ниязымбетов "Кездесу оңай болған жоқ. Екі раунд ұтқан соң үшінші раундта бапкерлердің айтқаны бойынша аяқта ойнап (рингті айнала тоқтамай қозғалу - ред.) жүрдім. Кубалық боксшымен бірнеше рет кездестім. Оны ұту үшін шапшаңдық керек. Жеңуге тырысамын" деді.

Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов "Ниязымбетов біз қойған тактиканы толық орындап, жақсы жеңіске жетті. Ұлыбритания мен Қазақстан құрамаларының біріккен оқу-жаттығу жиынында Буатсимен спарринг кездесу өткізген. Соның пайдасы тиді. Енді финалда кубалық боксшымен оңай болмайды. Ниязымбетов онымен екі рет кездесіп, жеңілген. Енді есе қайтару үшін Риода барын салады" деді.

+91 килограмда Иван Дычко ширек финалда нигериялық Эфе Ажагбаны жеңіп, жартылай финалға өтті. Енді ол ұлыбританиялық Джозеф Джойспен кездеседі.

Әділбек Ниязымбетов пен Хулио Сезар Ла Круз арасындағы финал 18 тамызда өтеді. Ал 17 тамызда 69 килограмда Данияр Елеусінов өзбекстандық Шахрам Гиясовпен алтын медальды сарапқа салады.

Ниязымбетов 2012 жылы Лондон олимпиадасының да финалына шығып, жеңіліп қалған. Қазір Қазақстан бокс құрамасында бір медаль бар. 91 килограмда Василий Левит финалда ресейлік Евгений Тищенкодан жеңіліп, күміс алған. Бірақ бұл финалдық кездесу жанкүйерлер арасында дау туғызған.

XS
SM
MD
LG