Accessibility links

АҚШ өкілі: "Қазақстандағы қарсылықтың артында Вашингтон тұр деу күлкілі"


АҚШ мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі орынбасары Сара Сьюэлл. Астана, 17 тамыз 2016 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі орынбасары Сара Сьюэлл. Астана, 17 тамыз 2016 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі орынбасары Сара Сьюэлл Қазақстандағы 4 күндік сапарының үшінші күні астаналық журналистермен жүздесті. 17 тамызда Астанадағы АҚШ елшілігінде өткен жиында ол Қазақстандағы кездесулері жайлы әңгімеледі.

Сара Сьюэлл Қазақстан үкіметінің өкілдерімен кездесіп, жергілікті үкіметтік емес ұйымдарды алаңдатқан, 2015 жылы қабылданған даулы "ҮЕҰ-лар туралы заң" мен "Салық кодексі" жөнінде мәселе көтергенін мәлімдеді.

- Қазақстан үкімет бұл заңдардың талаптары ҮЕҰ-лардың іс-әрекеттеріне ешқандай кедергі келтірмейтінін мәлімдеп, заңның бұл мақсат үшін қабылданбағанын айтты, - деді АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары.

Кездесу кезінде биылғы мамыр айында Қазақстанның бірнеше аймағында өткен жер реформаларына қарсы демонстрациялар кезінде кейбір жергілікті БАҚ пен әлеуметтік желілерде АҚШ туралы тараған екіұшты хабарлар да сөз болды. "Қазақстандағы жер дауына қатысты қарсылықтарды Вашингтон ұйымдастырды" деген қауесетке қатысты қойылған сұраққа жауап бере тұрып Сьюэлл: "Бұл - өте күлкілі" деді.

- Демократияның бір көрінісі - сөз бостандығы және адам құқығы мен пікір айту еркіндігі. [Халықтың] көзқарасын үкіметке жеткізу [мүмкіндігі]. Өкінішіке қарай, үкімет адамдардың ойын еркін жеткізуге жағдай жасай бермейді. Шындығына келгенде, "Қазақстандағы қарсылықтардың артында Вашингтон тұр деген" долбардың өзі өте күлкілі. Кейде адамдар жекелеген тұлғалардың, ұйымдардың, олардың жетекшілерінің сөзін "қоғамдық пікір" деп қабылдайды. Бұл - дұрыс емес, - деді ол.

Сапарын Алматы қаласынан бастаған Сара Сьюэлл ҮЕҰ-лар, терроризм мен экстремизмге қатысты зерттеу жүргізетін ұйымдармен және Қазақстанның мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықовамен кездескен. Сьюэлл Астанадағы сапары аясында Әзірет Сұлтан мешітіне кіріп шыққан.

XS
SM
MD
LG