Accessibility links

Ақтөбеде автобус жүргізушілері наразылық танытты


Аялдамада тоқтап тұрған, "Автопарк" мекемесіне қарайтын автобус. Ақтөбе, 18 тамыз 2016 жыл.
Аялдамада тоқтап тұрған, "Автопарк" мекемесіне қарайтын автобус. Ақтөбе, 18 тамыз 2016 жыл.

Ақтөбеде жолаушылар тасымалдайтын "Автопарк" мекемесінің автобус жүргізушілері мен кондукторлары тамыздың 17-сі күні түнде наразылықтарын білдіріп, мекеме маңына жиналған. Ақтөбе облыстық әкімдігінің хабарлауынша, түн ортасы ауғанша созылған бұл жиынға 20 шақты адам қатысқан. Ал аты-жөнін атамауды өтінген кондуктор Азаттыққа «түнде жүздеген адам жиналды» дейді.

«Автопарк» - қала ішінде жолаушы тасымалымен айналысатын негізгі мекеме. Автобус жүргізушілері мен кондукторлар наразылық танытуға "Автопарк" басшылығының күндік жоспарды күрт көбеюуі себеп болғанын айтады. Яғни, әр жүргізуші күнбе-күн «Автопаркке» бұрынғыдай 3 мың теңге емес, 5 мың теңгеден тапсыруға міндеттелген.

Автобустың жанар-жағар майын өздері сатып алып, кондуктордың еңбекақысын да өздері төлейтін жүргізушілер мекеме басшыларының бұл шешіміне наразы. Олар талаптары орындалмаса, 18 тамыздан бастап жолаушы тасымалын тоқтататындарын айтқан. "Наразылық жиын өткен жерде түн ортасы ауғанша қала басшылары, полиция мен «Автопарк» жетекшілері де жүрді" дейді Азаттық тілшісіне сұқбат берген кондуктор әйел.

18 тамыз күні облыстық әкімдік таратқан ақпаратқа қарағанда, «Автопарк» серіктестігі күндік жоспарды көбейту туралы шешімін өзгертті. "Тараптар бұл мәселені әлі де өзара талқылап, шешім қабылдайды. Әзірше автобус жүргізушілерінің күндік жоспары бұрынғы күйде қалдырылды" делінген облыстық әкімдіктің хабарламасында. Бүгін Ақтөбеде жолаушылар автобустары қалыпты кестемен жүріп жатыр.

«Автопарк» серіктестігі зейнеткерлер мен мүгедектерді тегін тасымалдағаны үшін 2009 жылғы қаңтар мен 2015 жылғы сәуір айы аралығында жергілікті бюджеттен субсидия алып отырған еді. Былтыр сәуір айынан бастап кәсіпорынға субсидия бөлу тоқтатылды. Субсидия тоқтатылғалы бері «Автопарк» ЖШС басшылары кәсіпорынның шығынмен жұмыс істеп отырғандығы туралы жиі айтып жүр. Бірнеше мәрте жолақысын қымбаттатпақ та болды.

Былтыр 30 мамыр күні кәсіпорын қожайыны Мейіржан Өндіргенов «Автопарк» серіктестігі арқылы бюджеттің 4,5 миллиард теңгесін жымқырды» деген айыппен тұтқындалған болатын. Кәсіпкер биыл 1 тамыз күні қылмыстық кодекстің «алаяқтық» бабымен 4 жылға сотталған. Сот оны бюджеттің 900 миллион 542 мың теңгесін қолды қылды деп санайды. Осы шығынның орнын толтыру үшін сот үкімімен Мейіржан Өндіргеновтің үйінен, жұмыс орны мен банктегі есепшоттарынан табылған қаржы мемлекет пайдасына өндірілмек.

XS
SM
MD
LG