Accessibility links

Ерлан Сағадиев: Қазақ-түрік лицейлері жұмыс істей береді


Білім және ғылым министрлігінің тамыз педагогикалық кеңесінде сөйлеп тұрған Ерлан Сағадиев. Астана, 18 тамыз 2016 жыл.
Білім және ғылым министрлігінің тамыз педагогикалық кеңесінде сөйлеп тұрған Ерлан Сағадиев. Астана, 18 тамыз 2016 жыл.

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан білім беру қызметкерлерінің тамыз педагогикалық кеңесінде білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлері қалыпты жағадайда жұмыс істей беретінін мәлімдеді.

- Президенттің тапсырмасымен жұмыс тобы құрылып, біз түріктер [Түркия мемлекетімен] жағымен жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ, бұл біздегі оқу процесіне әсер етпейді. Бұл - [қазақ-түрік лицейлері] біздің қазақстандық мектептер, олар Қазақстан стандарттары бойынша білім беріп келеді және оларды біз бірнеше рет тексергенбіз. Оларға тағатын кінәрат жоқ. Лицейлер бұрынғыдай жұмыс істей береді, - деді министр.

Тамыздың 5-і күні Түркияға сапармен барған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдегі қазақ-түрік лицейлерінде Анкара мемлекеттік төңкеріс әрекетіне айыптаған діни қайраткер Фетхулла Гүленмен байланысы бар түркиялықтар болса, олар Түркияға қайтарылады деп мәлімдеген болатын. «Егер де ондай адамдар болатын болса, біз ол мұғалімдерді қайтарамыз, бірақ түрік тарапынан түрік тілін білу үшін басқа мұғалімдер сұраймыз» деді Назарбаев Анкарада Түркия президенті Режеп Ердоғанмен бірге өткізген баспасөз мәслихатында.

Ердоған Қазақстанда «Гүленмен байланысы бар 33 мектеп барын» мәлімдеп, Астананы оларға қатысты «нақты қадамдар» жасауға шақырған.

Қазақстандағы KATEV халықаралық қоғамдық қоры 29 қазақ-түрік лицейіне, «Нұр Орда» жеке меншік мектебі мен екі колледж, Алматыдағы Сүлеймен Демирель атындағы университетке демеушілік жасап келеді. Қорға қарасты мектептерде 1 мың 216 мұғалім, оның ішінде 92 Түркия азаматы қызмет етеді. KATEV қоры 1997 жылы Қазақстан мен Түркияның білім саласындағы ынтымақтастығы туралы келісім-шарттары аясында қазақ-түрік оқу орындарын демеп, басқару үшін құрылған болатын.

XS
SM
MD
LG