Accessibility links

Назарбаев жерге қатысты мораторийді бес жылға ұзартуды мақұлдады


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті. Сочи, 16 тамыз 2016 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті. Сочи, 16 тамыз 2016 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексінің қоғамдық қарсылық тудырған кейбір баптарының күшіне енуіне салынған мораторий мерзімін бес жылға ұзарту туралы ұсынысты мақұлдады. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Назарбаев бұл туралы Астанада өткен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және жер реформасы жөніндегі қоғамдық комиссия жұмысының қорытындысына арналған жиында айтқан.

- Жер кодексінің кейбір баптарына мораторий енгізілгеннен бері комиссия салмақты жұмыс істеді, барлық облыста жиындар өткізді, азаматтардың пікірлері тыңдалды. Жұмыс барысында халық жақсы ұсыныстар білдірді, олардың ішінде жалға берілетін жердің шектік мөлшерін белгілеу, жерді пайдалану тәсілдері мен оны тиімсіз пайдаланған жағдайда көрілетін шаралар туралы ұсыныстар бар. Осылайша, барлығы жерді 49 жылға жалға беру институтын сақтап қалу қажет деген ортақ тұжырымға тоқтады. Сонымен бірге, әлемдік тәжірибені тағы бір рет зерттеп, тұрғындарға кәсіби түрде түсіндіру керек. Ал бұған қосымша уақыт қажет. Сондықтан мен комиссияның мораторийді тағы бес жылға ұзарту ұсынысын қабылдаймын, - деген Назарбаев.

Жиынға премьер-министр Кәрім Мәсімов, президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков, премьер-министрдің орынбасары - ауылшаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев, ұлттық экономика министрі Қуандық Бешімбаев қатысқан.

Қазақстан үкіметі жанынан құрылған жер реформасы жөніндегі комиссия 13 тамызда Астанада өткен отырысында өз миссиясын "жемісті орындап шыққанын" мәлімдеген. Елде биыл көктемде жаппай наразылық митингілері мен жалғыз адамдық акцияларға, шеруге шыққан жүздеген адамдарды ұстап, ондаған белсендіні әкімшілік айыппен абақтыға жабуға негіз болған жер реформасының даулы мәселелеріне қатысты 10 ұсынысты комиссия мүшелері басым көпшілік дауыспен бекіткен. Қазақстанда ауыл шаруашылығын жерін жекешелендіру және шетелдіктерге жалға беруді көздейтін реформа көпшіліктің наразылығына тап болған еді.

Жер мәселесіне байланысты наразылық күшейген соң мамыр айының бас кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі биыл шілденің 1-інен бастап күшіне енуі тиіс даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялаған. Жер комиссиясының негізгі ұсынысы – осы мораторийдің мерзімін 2021 жылдың соңында дейін ұзарту. Жер комиссиясы 13 тамызда қабылдаған қаулыда егер президент Назарбаев мораторий мерзімін бес жылға ұзарту туралы ұсынысты қабыл алса, онда жер комиссиясының жұмысы аяқталды деп саналатыны айтылған.

XS
SM
MD
LG