Accessibility links

Өзбекстанда "дәстүрлі исламды" түсіндіру жұмысын күшейтпек


Өзбекстандағы мешіттердің бірі (Көрнекі сурет).
Өзбекстандағы мешіттердің бірі (Көрнекі сурет).

Өзбекстан мұсылмандар діни басқармасы (ӨМДБ) "радикалдық экстремизм идеяларының таралуына қарсы тұру" үшін "дәстүрлі ислам нормаларын" түсіндіру жұмыстарын күшейтеді деп мәлімдеді басқарма төрағасы, мүфтий Усмонхон Алимов. Азаттықтың Өзбек редакциясының хабарлауынша, Алимов бұл туралы "Өзбекстандағы діни білім беру мәселері" деп аталатын семинарда айтқан.

"Біз тұрғындар, әсіресе жастар арасында әлемдік деңгейдегі мұсылман ғалымдары қабылдаған исламның ханафилік мазхабының ілімін түсіндіру жұмыстарын күшейтуіміз керек" деді Алимов. Оның сөзінше, басқарма "қазіргі замандағы діннің атын жамылған қауіп-қатерлердің мақсаты мен шынайы мәнін ғана ашып қоймай, ілімімізді шынайы және дұрыс түсіндіретін жаңа әдебиеттерді" көбейтпек.

Шілдеде ӨМДБ "Мұсылман әлемі ғалымдарының үндеуі" деп аталатын жинақ шығарған. Оған ислам ғұламаларының "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына қарсы пәтуалары мен үндеулері енгізілген.

2015 жылдың басында басқарма "ИМ-нің ылаңы" деп аталатын кітап шығарған. Кітапта содырлардың өз қатарына жастарды тарту тәсілдері мен содырлар арасында болып, өз әрекетіне өкінген адамдардың өмірінен фактілер келтірілген.

Өзбекстанның 32 халқының 90 пайызға жуығы исламның сүнниттік бағытының ханабилік тармағын ұстанады.

XS
SM
MD
LG