Accessibility links

Владимир Козлов түрмеден босатылды


Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов.

Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов.

Тыйым салынған "Алға" оппозициялық партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов Заречный кентіндегі түрмеден 19 тамыз кешкісін босатылды. Түрме қақпасында оны адвокат Айман Умарова мен азаматтық белсенді Юлия Козлова қарсы алды. Владимир Козлов "әлеуметтік араздық тудырды" деген айыппен сотталып, ұзақ мерзімді түрме жазасын өтеп жатқан. Саясаткердің өзі, жақтастары мен кейбір халықаралық ұйымдар оны "саяси көзқарасы үшін зардап шекті" деп санайды.

2012 жылғы қаңтарда қамауға алынып, қазанда жеті жарым жылға сотталған Козлов соңғы жылдары Алматы түбіндегі Заречный кентінің түрмесінде отырған. Оған қарсы түрлі дисциплинарлық жаза түрлері қолданылған еді. Саясаткер мұндай жаза түрлері өзін мерзімінен бұрын босатпау үшін жасалып жатыр деп санаған. Алайда екі апта бұрын Қапшағай қалалық соты оны мерзімінен бұрын босату туралы шешім қабылдағаны белгілі болды.

2011 жылғы желтоқсанда болған қанды Жаңаөзен оқиғасынан соң көп ұзамай ұсталған Владимир Козлов "әлеуметтік араздық тудырды" деп айыпталған. Жаңаөзенде полиция қарусыз ереуілшілерге оқ атып, 16 адам өліп, 100-ден астамы жараланған еді.

Козловтың ісіне қатысты архив материалдарын мына сілтемеден таба аласыздар.

XS
SM
MD
LG