Accessibility links

Боксшылар Дычко мен Шәкімова қола медаль алды


Иван Дычко - Рио олимпиадасында. Көрнекі сурет
Иван Дычко - Рио олимпиадасында. Көрнекі сурет

19 тамыз кешкісін Рио олимпиадасының бокс турнирінде жартылай финалға шыққан қазақстандық боксшылар Иван Дычко мен Дариға Шәкімова қола жүлдегер атанды.

Иван Дычконың қарсыласы ұлыбританиялық 30 жастағы Джозеф Джойс болды. Төрешілер үш раундта да Джойс басым түсті деп шешті. Қазақстандық 26 жастағы боксшы Дычко осымен екінші олимпиаданың жүлдесіне ілінді. Ол 2012 жылғы Лондон олимпиадасында да жартылай финалда жеңіліп, қоланы қанағат тұтқан.

Ал 27 жастағы Дариға Шәкімова жартылай финалда 21 жастағы америкалық Мария Кларесса Шилдстен 0-3 болып жеңілді. Осылайша Шәкімова Лондон олимпиадасында қола жүлде алған қазақстандық боксшы әйел Марина Вольнованың нәтижесін қайталады.

19 тамыз күнгі медаль есебі бойынша Қазақстан құрамасы Рио олимпиадасында 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медалімен 20-орында тұр. Қазақстан өз тарихында мұнша олимпиада медалін бұрын-соңды иеленіп көрмеген.

XS
SM
MD
LG