Accessibility links

Киев Мәскеуден Қырымға халықаралық бақылаушыларды жіберуді талап етті


Қырым татарлары Межлисі басшысының орынбасары Ильми Умеров Симферополь ауруханасында. 12 тамыз 2016 жыл.
Қырым татарлары Межлисі басшысының орынбасары Ильми Умеров Симферополь ауруханасында. 12 тамыз 2016 жыл.

Украина сыртқы істер министрлігі Ресей аннексиялап алған Қырым түбегіне халықаралық бақылаушыларды кіргізуді Мәскеуден талап етті. Бұл туралы бүгін Twitter әлеуметтік желісінде Украина сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Марьяна Беца хабарлаған. Бұл туралы ол Қырым татарлары Межлисі басшысының орынбасары Ильми Умеровты Симферопольдегі психиатриялық емдеу мекемесіне мәжбүрлеп жатқызғаны туралы хабарламаға комментарийде жазған.

«Басқыншылардың қырым татарларына қорлық көрсетуі жалғасып жатыр. Олардың басты мақсаты – қорқытып-үркіту, сағын сындыру, Қырымнан ығыстырып шығару» деп жазған Марьяна Беца.

«Басқыншылар билігінен адам құқықтарына мониторинг жүргізу үшін Қырым автономиялық республикасына халықаралық құқық қорғау ұйымдарының баруына мүмкіндік беруін талап етеміз» деген ол.

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің өкілдері 16 тамызда Қырым татарлары Межлисі басшысының орынбасары Ильми Умеровты психиатриялық сараптамадан өткізу үшін ауруханадан Симферопольдегі психиатриялық емдеу мекемесіне мәжбүрлі түрде алып кеткен. Умеровтың қызы Айшенің сөзінше, әкесінің дәрі-дәрмектерін тартып алып, туған-туыстарымен кездесуге тыйым салған.

Ресей құқық органдары үстінен «Сепаратизм» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған Ильми Умеров 11 тамыз күні сот оған психиатриялық сараптама тағайындау мәселесін қарап жатқан кезде өзін жайсыз сезінген соң жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.

Ресейлік «Мемориал» адам құқығын қорғау орталығы Ильми Умеровтың күш қолданатын іс-әрекетке шақырмағанын айтып, билік оны заңсыз және саяси астармен қудалап жатыр деп санайды.

XS
SM
MD
LG