Accessibility links

Брюссель оппозиционер Владимир Козловты түрмеден босатуды құптады


Владимир Козловтың түрмеден бостандыққа шыққан сәті. Алматы, 20 тамыз 2016 жыл.

Владимир Козловтың түрмеден бостандыққа шыққан сәті. Алматы, 20 тамыз 2016 жыл.

Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі ресми өкілі Қазақстанда 2011 жылы Жаңаөзенде болған оқиғадан соң түрмеге қамалған оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шыққаны туралы хабарды жағымды жаңалық ретінде бағалады.

«Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сәйкес, қазіргі кезде елде қамауда отырған немесе бостандығы шектелген азаматтық қоғам белсенділерінің құқықтарын толық қалпына келтіріп, еркіндік алуына әкелетін ары қарайғы қадамдар жасалуы тиіс» делінген бүгін «Интерфакс» агенттігі сілтеме жасаған Еуропа Одағы мәлімдемесінде.

Құжатта Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы әріптестік пен ынтымақтастықты нығайту туралы келісім тараптарды адам құқығын нәтижелі қорғау және септесу, соның ішінде адам құқығы жөніндегі диалогтарды кеңейту арқылы ынтымақтасуға міндеттейтіні айтылған.

«Тәуелсіз әрі белсенді азаматтық қоғам елдің тұрақты дамуы үшін шешуші маңызға ие» деп атап көрсеткен Еуропа одағының өкілі.

Қазақстанда билік қызметіне тыйым салған оппозициялық «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында 2011 жылғы қанды оқиғалардан соң 2012 жылы қазанда «әлеуметтік араздық қоздырған» деген айыппен жеті жарым жылға сотталған. Оның жақтастары мен құқыққорғаушылар Козловқа тағылған айыптың саяси астары бар деп санайды.

2011 жылы Жаңаөзенде бірнеше айға жалғасқан мұнайшылар ереуілі 16 желтоқсанда тәртіпсіздіктерге ұласып, полиция оқ атқан. Ресми ақпарат бойныша, Жаңаөзендегі оқиғада 16 адам мерт болып, 100-ден астамы жараланған.

XS
SM
MD
LG