Accessibility links

Германия министрі Ресейді Алеппода бітім орнатуға атсалысуға шақырды


Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер.
Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер.

Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер сенбі күні Ресейді Сирияның Алеппо қаласындағы атысты доғарып, бітімге келуге атсалысуға шақырды. Welt am Sonntag басылымына берген сұхбатында Штайнмайер Сирия президенті Башар Асадтың одақтасы ретінде Ресейге бітімді сақтауға қатысты ерекше міндет жүктеледі деп мәлімдеген.

Штайнмайер Алеппоның қоршаудағы аудандарына гуманитарлық жүктерді жеткізу қажеттігін айтқан. Соңғы айларда Біріккен Ұлттар Ұйымы бейбіт тұрғындарға жәрдем жеткізу үшін 48 сағаттық гуманитарлық үзіліс жариялауға бірнеше мәрте шақырған. Ресей бұл бастаманы қолдауға дайын екенін мәлімдегенімен «тыныштық сақтау» туралы келісімге қол жеткізу мүмкін болмаған.

Осы аптада БҰҰ Сирияда соғыс қимылдары күшейіп кеткендіктен гуманитарлық миссиясын тоқтата тұруды ұйғарды. БҰҰ өкілдерінің мәлімдеуінше, тамыз айында Сириядағы қоршаудағы аудандарға, соның ішінде Алеппо қаласына бір де бір гуманитарлық конвой жете алмаған. Сирияда азамат соғысы басталғалы бері 280 мыңнан аса адам құрбан болған.

XS
SM
MD
LG