Accessibility links

Қазақстан Түркиядағы жарылысты айыптады


Жарылыстан мерт болғандар мен жараланғандар жеткізілген аурухананың алдында жылап отырған әйелдер. Газиантеп, Түркия, 21 тамыз 2016 жыл.
Жарылыстан мерт болғандар мен жараланғандар жеткізілген аурухананың алдында жылап отырған әйелдер. Газиантеп, Түркия, 21 тамыз 2016 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Түркияның Газиантеп қаласында болған жарылысқа қатысты мәлімдеме таратты.

«Түрік республикасының Газиантеп қаласында ондаған адамның қаза болуына себеп болған террорлық актіні қатаң айыптаймыз. Неке қию тойына қатысушыларды нысанаға айналдырған қылмыскерлердің қатыгездігі ерекше ашу-ызамызды тудырады. Бауырлас түрік халқының, қаза болғандардың отбасылары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз және зардап шеккендерге жарақаттарының тезірек жазылуын тілейміз» делінген мәлімдемеде.

Түркияда Сирия шекарасынан 64 шақырым жерде орналасқан, негізінен күрдтер тұратын Газиантеп қаласында сенбінің кешінде үйлену тойына қатысып жатқан жұрт көшеге шыққан кезде күшті жарылыс болған. Билік орындарының хабарлауынша, құрбан болғандар саны 50-адамға жеткен. 90-нан астам адам зардап шеккен.

Түркиялық ақпарат құралдары жарылысты жанкешті жасаған деп хабарлады. Түркия президенті Режеп Ердоған жарылысқа «Ислам мемлекеті» экстремистік тобын айыптаған.

XS
SM
MD
LG