Accessibility links

Мәсімов ОҚО-да іссапармен жүр


Премьер-министр Кәрім Мәсімов (ортада), вице-премьер Дариға Назарбаева шенеуніктермен білім саласына қатысты жиында отыр. Түркістан, 22 тамыз 2016 жыл.
Премьер-министр Кәрім Мәсімов (ортада), вице-премьер Дариға Назарбаева шенеуніктермен білім саласына қатысты жиында отыр. Түркістан, 22 тамыз 2016 жыл.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов бүгін іссапармен Оңтүстік Қазақстан облысына келді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Мәсімов Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет сарайында Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстары және Астана мен Алматы қалалары шенеуніктері қатысқан білім саласындағы маңызды сұрақтарды талқылау жиынын өткізді.

Жиынға вице-премьер Дариға Назарбаева, білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, энергетика министрі Қанат Бозымбаев та қатысып жатыр.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, премьер Шымкентке ұшып келген соң әуелі Шымкент әуежайының қауіпсіздік жайымен танысқан.

Мәсімов түстен кейін Түркістан қаласына келіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралап, қаланың ардагерлері және зиялыларымен кездесті.

Мәсімовтің Түркістанға келуіне байланысты қаланың басты көшелерінде қауіпсіздік шараларының күшейгені байқалады. Жиын өтіп жатқан университетке адамдарды тек алдын ала жасалған арнайы тізім арқылы қатаң тексерумен кіргізді.

Университеттегі жиыннан соң премьер-министр облыс кәсіпкерлерімен дөңгелек үстел өткізеді деп жоспарланған.

XS
SM
MD
LG