Accessibility links

Экс-диспетчер Ақылбеков соттан жазасын жеңілдетуді тағы сұрады


АН-72 ұшағы апатына қатысты сотта отырған айыпталушы Қанат Ақылбеков (оң жақта) пен оның адвокаты Ардақ Балпақов. Шымкент, 24 наурыз, 2014 жыл.

АН-72 ұшағы апатына қатысты сотта отырған айыпталушы Қанат Ақылбеков (оң жақта) пен оның адвокаты Ардақ Балпақов. Шымкент, 24 наурыз, 2014 жыл.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Ан-72 әскери ұшағының апатқа ұшырауына байланысты 4 жылға сотталған «Қазаэронавигация» компаниясының диспетчері Қанат Ақылбеков жазасын жеңілдетуді сұрап соңғы рет шағымданды. Бұл туралы Азаттыққа Қанат Ақылбековтың адвокаты Ардақ Балпықов хабарлады.

Ардақ Балпықовтың айтуынша, 4 жылға сотталған Қанат Ақылбеков жазасын Астана қаласындағы түзеу мекемелерінің бірінде өтеп жатыр. 2 жылдан астам уақыт жазасын өтеген экс диспетчер Сарыарқа ауданының №2 сотына жазасын жеңілдетуді сұрап тағы да шағым түсірген.

Балпықов өткен аптада Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 соты Қанат Ақылбековтің жазасын жеңілдетуді сұраған шағымын қанағаттандырмағанын айтады.

- Жазасын жеңілдетіп айыппұл салуды, не шартты жаза кесуін сұраған едік. Алайда аудандық сот шағымымызды қанағаттандырмады, - дейді адвокат.

Адвокат Астана қалалық сотына тағы шағым түсіргенін, іс бір айдың ішінде қаралу керегін айтады. Оның сөзінше, бұл - сотталған Қанат Ақылбековтың соңғы үміті. Егер сот бұл шағымды қанағаттандырмаса, онда Ақылбеков қайтадан шағымдана алмайды және жазасын толық өтейді.

2014 жылдың 28 сәуірінде Шымкент қаласы Абай аудандық соты "Қазаэронавигацияның" Шымкенттегі филиалының диспетчері Қанат Ақылбековті «абайсызда екі не одан да көп адамның өліміне соқтырған әуе көлiгi қозғалысы қауiпсiздiгi ережелерiн бұзу» бабы бойынша айыпты деп танып, алты жылға соттаған. Сол жылдың 28 маусымда Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы Ақылбековтің шағымын қарап, оның жаза мерзімін төрт жылға азайтқан.

2012 жылы 25 желтоқсанда Шымкент маңында шекара қызметінің Ан-72 әскери ұшағы апатқа ұшырап, бортындағы 27 адамның барлығы қаза тапқан. Мерт болғандардың арасында Қазақстан шекара қызметінің директоры Тұрғанбек Стамбеков те болды.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG