Accessibility links

Кабулде Америка университетіне шабуылдағандардың көзі жойылды


Америка университетінің жанында шабуыл кезінде тұрған ауған қауіпсіздік күштерінің сарбазы. Ауғанстан, 24 тамыз 2016 жыл.

Америка университетінің жанында шабуыл кезінде тұрған ауған қауіпсіздік күштерінің сарбазы. Ауғанстан, 24 тамыз 2016 жыл.

Ауғанстан қауіпсіздік күштері 25 тамызда Кабулде Америка университетіне шабуыл жасаған қарулы екі адамды атып, университеттегі 10 сағатқа созылған атысты аяқтады. Шабуылдан бір адам қаза тапты.

Университке шабуыл 24 тамызда кешке басталған. Ресми мәлімет бойынша, әуелі көлікке жасырылған бомба жарылып, одан соң атыс басталған. Ауған қауіпсіздік күштерімен атыс басталғанда жүздеген студент пен оқытушы университеттен қашқан.

Шенеуніктер элиталық ауған күштері АҚШ және НАТО әскери кеңесшілерінің көмегімен университ кешенін қоршап, соңыра ішіне кіргенін айтады. Түні бойғы үздік-создық атыстан соң қауіпсіздік күштері екі қарулы адамның көзін жойған. Атыста университет күзетшісі де оққа ұшты.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, шабуылдан жеті адам мерт болып, ондаған адам жараланып ауруханаға жеткізілді.

Полиция университеттен 500-ден астам студентті шығарғанын айтады.

Шабуыл жауапкершілігін әзірге ешқандай топ мойнына алған жоқ. Шабуыл басталғанда университетте болған куәгерлердің бірі Роман Дехсабзал Азаттықтың Ауған редакциясына ғимарат сыртында бір жанкешті өз-өзін жарып, басқалары университетке басып кірді деп санайтынын айтады.

"Ең алдымен қатты жарылыс болып, терезелер сынды, сосын атыс басталды. Жолдастарымның бірі жараланды" деді Дехсабзал. Ол өзінің ғимараттан терезеден екі адаммен бірге секіріп қашып шыққанын айтады.

2006 жылы ашылған университетте 1 мың 700 студент оқиды.

Осыдан екі апта бұрын университеттің австралиялық және америкалық екі оқытушысын белгісіз қарулы адамдар ұрлап әкеткен. Олардың қайда екені әлі күнге белгісіз.

Университетке шабуыл Ауғанстанда "Талибан" қозғалысының белсенділігі күшейген кезде жасалып отыр.

АҚШ әскерилері қолдайтын ауған күштері оңтүстіктегі Гильменд уәлаятының орталығы Лашкаргах қаласында "Талибан" жасақтарымен олардың уәлаятты басып алуына қарсы шайқасып жатыр.

XS
SM
MD
LG