Accessibility links

Италиядағы зілзала құрбандары саны 159 адамға жетті


Құтқарушылар үйінді арасында қалған адамды шығарып жатыр. Аматриче, Италия, 24 тамыз 2016 жыл.

Құтқарушылар үйінді арасында қалған адамды шығарып жатыр. Аматриче, Италия, 24 тамыз 2016 жыл.

Италияның орталық бөлігінде болған жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 159 адамға жараланғандар саны 368 адамға жетті.

"Бұл - түпкілікті есеп емес. Бұл бізге өлшеусіз жара салды" деді Италия премьер-министрі Маттео Ренци. Қирандылар астында әлі көп адам қалып қойған болуы мүмкін. Ренци "бір де бір отбасы, елді мекен, я қала көмексіз қалмайтынын" айтты.

Қуаты 6,2 магнитудаға жететін жер сілкінісі 24 тамыз күні таңға жуық болған. Зілзаладан Аккумоли, Аматриче, Поста және Аркуата-дель-Тронто қалалары ең көп зардап шеккен. Зілзала дүмпуі Римде де сезілген.

Аматриче қаласының мэрі Серджио Пироззидің айтуынша, қаланың жартысы жермен-жексен болып, қалаға кіретін жолдар қирап, жабылған.

Ортағасырлық қалада зілзаладан қираған тарихи Hotel Roma қонақүйінде адам шығыны көп болуы мүмкін деген қауіп бар. Жер сілкінген кезде қонақүйде 70 турист болған. Қазірге дейін үйінді астынан тек жеті адамның денесі шығарылды.

XS
SM
MD
LG