Accessibility links

ҮЕҰ өкілдері жыныстық зорлыққа қарсы шараларды күшейтуге шақырды


Қазақстандағы жыныстық зорлықтың жазаланбай қалуын тоқтату мәселесіне арналған дөңгелек үстелге қатысушылар. Астана, 25 тамыз 2016 жыл.

Қазақстандағы жыныстық зорлықтың жазаланбай қалуын тоқтату мәселесіне арналған дөңгелек үстелге қатысушылар. Астана, 25 тамыз 2016 жыл.

Бірнеше үкіметтік емес ұйым бүгін Астанада «Қорқынышсыз өмір: зорлық пен жазасыздыққа тоқтау саламыз» деп аталатын дөңгелек үстел өткізіп, жыныстық және тұрмыстық зорлық жасағандарды жазалау және зорлық көргендерге көмек көрсету мәселелерін талқылады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиында «Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі Жанар Нұрмұханова өзі тұратын аймақтағы тергеушілердің жыныстық және тұрмыстық зорлыққа қатысты істі тергеудегі кемшілігін жеткізді. Оның сөзінше, өзі басқаратын ұйымға былтырғы балалар лагерінде денешынықтыру пәні мұғалімі «зорлаған» баланың шешесі келген. Қыз бала бір жыл бойы «үндемей жүрген», себебі, «зорлық көрсетуші телефонмен үнемі оны қорқытып тұрған».

- Полицияға шағым түсірген кезде тергеуші сот-медициналық, психиатриялық сараптама жасауға ғана жіберген. Тергеушінің дәлелдеу айғақтарының жоқтын қылмыстық істі қозғамайтынын білген соң қыз баланың шешесі бізге шағыммен келді. Ол тергеушіге қызын мұғалім телефон арқылы қорқытып келгенін бірнеше мәрте айтқан. Бірақ, тергеуші оны қаперге алмаған, - дейді Жанар Нұрмұханова.

Оның айтуынша, кейіннен тергеу қайта жүріп, денешынықтыру пәні мұғалімінің зорлық жасағаны анықталып, 11 жылға бас бостандығынан айырылған.

Қоғамдық ұйым жетекшісі зорлық көрген соң түрлі себеппен полицияға уақытында шағымданаалмағандармен дұрыс жұмыс істей алатын тергеушілерді «дайындау керек» деп біледі.

Бұрынғы күйеуінен «тұрмыстық зорлық көрдім» деген алматылық тұрғын Ақерке Байғазиева да тергеушілер ісінің «салғырттығынан күйеуінің үстіне бензин шашып, өртеп жібермек болған» әрекетіне қылмыстық іс қозғай алмағанын айтады.

Зорлық-зомбылыққа түскен қыз-келіншектерді жан жарасын ішінде ұстамай, сыртқа ашық айтуға үгіттеп жүрген «Үндемей қалма» қозғалысының жетекшісі Дина Ботабаева Қазақстан заңнамасында қылмыс жасаған күдіктілердің қорғану жолы анық жазылғанын, ал, зорлық көргендердің қорғану тәртібі жазылмағанын айтады.

- Зорлық көргендер әлеуметтік желі мен қоғамдық ұйымдар арасында адасып жүрмеуі керек. Олардың қалай қорғану керектігі заңнамада, арнайы тәртіпте жазылуы тиіс. Кезекші прокурор өздері үшін отырғанын білуі шарт. Сол секілді олар үшін кезекші адвокат, кезекші психолог жұмыс істеу керек. Тіпті, оқушылар мен ата-анаға да нұсқаулық қажет. Баласы сондай жағдайға тап болса, ата-ана баласының жанын жараламайтын сөзді айта білу керек, -дейді ол.

Ботабаева сонымен қатар жыныстық зорлық жасағандарға тағайындалған жаза мерзімін күшейтуді де ұсынды. Оның пікірінше, мұндай қылмыс жасады деп танылғандарды бас бостандығынан айыру мерзімінен 10 жылдан 20 жылға дейін көбейту керек.

Жиынға қатысқандар зорлық жасағандарды жазалауды қатайтумен зорлық көргендерге көмек көрсетуге қатысты ұсыныстарын билік орындарына жіберді.

Орталық Азиядағы «БҰҰ-әйелдер» бағдарламасының маманы Дәмел Айтхожинаның дерегінше, әлемдегі әйелдердің 35 пайзы түрлі жағдайда зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Қазақстан әйелдерінің құқығын қорғаушы үкіметтік емес ұйым өкілдері елдегі зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдер санын нақты айту мүмкін емес дейді. Себебі, олардың сөздерінше, Қазақстанда «әйелдер өздері көрген зорлық-зомбылықты сыртқа ашып айтпайды».

XS
SM
MD
LG