Accessibility links

Директор сотта мұғалім Сағидулланың "елбасыға тіл тигізгенін" мәлімдеді


Жаңатұрмыс орта мектебінің мұғалімі Айман Сағидулла (сол жақта) сотқа өзін қолдап келгендермен бірге тұр. Қарасай ауданы, Алматы облысы. 18 тамыз 2016 жыл.

Жаңатұрмыс орта мектебінің мұғалімі Айман Сағидулла (сол жақта) сотқа өзін қолдап келгендермен бірге тұр. Қарасай ауданы, Алматы облысы. 18 тамыз 2016 жыл.

Алматы облысының Қарасай аудандық сотында Жаңатұрмыс ауылдық мектебінің мұғалімі Айман Сағидулланың "өз тәртібін заңсыз талқыға салды" деп мектеп директорының үстінен берген шағымы бойынша сот жалғасты. Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, сотта директор Бекжан Нүсіпбекова Сағидулланың Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "қадыр-қасиетіне тіл тигізгенін" айтты.

Айман Сағидулла мектеп директоры Бекжан Нүсіпбекованың өзіне "әдеп сақтамағаны үшін" берген ескертуімен келіспей, сотқа шағымданған. Ескерту "2016 жылы мамырдың 19-ы күні мектеп аясында Райымбек округінің ақсақалдар кеңесі мүшелерінің кезектен тыс кездесуі барысында педагогикалық әдеп қағидаларын сақтамағаны үшін» берілген. Сағидулла соттан ол ескертуді заңсыз деп тануды сұрайды.

Бүгінгі сотта директор Бекжан Нүсіпбекова ақсақалдар кеңесінің жиынынан кейін Сағидулланың "Елбасы мінген ұшақ жарылып кетсін, өлсін" деп айтқанын" мәлімдеді. Нүсіпбекова Сағидуллаға ескерту беруге оның "тәртібімен" бірге осы сөзі де себеп болғанын айтты. Бүгінгі сотқа шақыртылған куәгерлердің бірі, мектеп медбикесі Сағидулланың "елбасыға қатысты айтқан сөзін" растайтынын айтты.

Судья директордың бұл уәжін ескеретін болды. Судья шағымға қатысты аудандық әкімдіктен еңбек кодексін түсіндіріп беретін құзырлы орган өкілдерін шақыратын болып, сотты дүйсенбі - 29 тамызға қалдырды.

Айман Сағидулла бұған дейін Азаттыққа өзінің «өткен жылы мұғалімдер мұңын көтергеніне байланысты биыл қысым көріп жатқанын, оған енді ауданның ақсақалдар кеңесі араласқанын» айтқан.

Айман Сағидулланың шағымы бойынша сот 18 тамызда басталған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG