Accessibility links

Левит пен Ниязымбетовке алтын медальдің жүлдесі беріледі


Василий Левит Рио Олимпиадасының финалдық жекпе-жегін аяқтаған сәт. 15 тамыз 2016 жыл.
Василий Левит Рио Олимпиадасының финалдық жекпе-жегін аяқтаған сәт. 15 тамыз 2016 жыл.

Рио Олимпиадасында күміс медаль алған қазақстандық боксшылар Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левит алтын медаль алған спортшылармен бірдей марапатталып, соған барабар жүлде берілетін болды. Бұл туралы бүгін түстен кейін Астанада Олимпиада жүлдегерлерін құттықтау салтанатында президент Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

"Сендер менің және Қазақстанның барлық жанкүйерінің күткенін орындап, еліміздің халықаралық спорттағы даңқын асқақтаттыңдар. Құрамамыз түрлі дәрежедегі 17 медаль иеленді. Бұл - Қазақстан Олимпиада ойындарына қатысқан тарихында иеленіп отырған ең көп медалі" деді Назарбаев.

Василий Левит ресейлік Евгений Тищенкомен 15 тамызда өткен финалдық жекпе-жекте төрешілер шешімімен одан жеңілген. Финалдан соң жанкүйерлер, халықаралық басылымдар мен бокс сарапшылары төрешілер шешіміне наразы болып, дау туған. Олар финалда Левит айқын жеңгенін айтып, төрешілер шешімі қате болғанын сынаған. Бірер күннен соң Халықаралық әуесқой бокс федерациясы Левит пен Тищенко жекпе-жегіндегі үш төрешіні Олимпиадада төрелік етуден шеттеткен.

Рио олимпиадасында Қазақстан үш алтын, бес күміс, тоғыз қола - жиыны 17 медальмен 22-орын алды. Алтынды ауыр атлет Нижад Рахимов, жүзгіш Дмитрий Баландин, боксшы Данияр Елеусінов, күмісті дзюдошы Елдос Сметов, боксшылар Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов, ауыр атлет Жазира Жаппарқұл, балуан Гюзель Манюрова, қоланы дзюдошы Отгонцэцэг Галбадрах, ауыр атлеттер Александр Зайчиков, Карина Горичева мен Фархад Харки, үш қарғып секіруші Ольга Рыпакова, балуандар Эльмира Сыздықова мен Екатерина Ларионова, боксшылар Иван Дычко мен Дариға Шәкімова алды.

XS
SM
MD
LG