Accessibility links

Әскерде қаза болған ақтаулық сарбаздың соты басталды


Сарыөзектегі №29 108 әскери бөлімде қаза тапқан Даниэль Сайфулин.

Сарыөзектегі №29 108 әскери бөлімде қаза тапқан Даниэль Сайфулин.

Талдықорған гарнизонының әскери соты биыл шілдеде әскери борышын өтеп жүрген жерінде көз жұмған қатардағы жауынгер Даниэль Сайфулиннің өліміне қатысты сот тергеуін 25 тамызда бастағанын хабарлады.

«Қаруластарын ұрып өлтірді» деген күдікке қалған азаматтарға - Алматы облысы Сарызек елді мекеніндегі №29108 әскери бөлімнің сарбаздары Ахметкәрімов пен Баймұратовқа қылмыстық кодекстің 440-бабының 4-тармағы ("әскери жарғыны сақтамай, денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiру") бойынша айып тағылған.

- Сотталушылардың екеуі де - қаза болған солдат тәрізді қатардағы әскери қызметкерлер. Олар кінәларын ішінара мойындап отыр, - деді Талдықорған гарнизонының әскери соты судьясы Батырбек Аралбаев.

Судьяның сөзінше, сотталушылар "солдатқа қол көтергенін мойындағанымен, оны өлтіру туралы ойлары болмағанын" айтқан.

Марқұмның Маңғыстау облысынан келіп, сот процесіне қатысқан анасы Инга Сайфуллина бұл уәжбен мүлде келіспейтінін айтады. Ол "жердің алыстығына қарамастан барлық сот отырысына қатысатынын" мәлімдеді.

Келесі сот отырысы қыркүйектің 5-сі күні жалғасады. Онда өлімнің себебін саралаған сот сарапшысы жауап береді.

Алматы облысындағы №29108 әскери бөлімде әскери борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер Даниэль Сайфулин 2016 жылы 7 шілде күні әскери лазаретте қайтыс болған. Талдықорған әскери прокуратурасы оның "әскери қызметкерлер арасындағы жарғыдан тыс қарым-қатынас әсерінен" көз жұмғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG