Accessibility links

Қазақстанда бүгін Конституция күні


Қазақстан конституциясын бейнелейтін макет кітаптың жанында тұрған сарбаз. Алматы, 30 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан конституциясын бейнелейтін макет кітаптың жанында тұрған сарбаз. Алматы, 30 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Елдің қазіргі конституциясы 1995 жылы 30 тамыз күні бүкілхалықтық референдумда қабылданған. Конституция күні Қазақстан күнтізбесінде мемлекеттік мейрам ретінде белгіленген. Бұл күні Астана мен барлық қалаларда мерекелік шаралар өткізіледі.

Елдегі оппозициялық күштер 1995 жылғы конституция мен оған енгізілген өзгертулерді "президенттің өкілетін арттырып, оны биліктің басқа тармақтарынан биік қойды" деп сынайды. Содан бері Қазақстанда конституцияға үш рет (1998, 2007 және 2011 жылдары) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Ал 2011 жылы қаңтарда Қазақстан парламенті конституцияға Назарбаевтың президенттік мерзімін шектемеу жөнінде өзгеріс енгізді. Ол бойынша, «Бір адам қатарынан екі реттен артық республика президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстанның тұңғыш президентіне - елбасыға қолданылмайды».

Қазақстан конституциясын кейбір құқық қорғаушылар президент билігін шектен тыс күшейтті, сайлау жүйесін мемлекет басшысына тәуелді етті, кейбір баптары өзара қайшы келеді деп сынайды.

БҰҰ-ның бейбіт жиындар мен ассоциациялар еркіндігі жөніндегі арнайы өкілі Майна Киаи 2015 жылы қаңтар айында Қазақстанға арнайы келіп, қоғамдық ұйым өкілдерімен кездескен еді. Оның пікірінше, «Қазақстанның конституциясы азаматтардың құқығы мен еркіндігін қорғауға қабілетті, бірақ заңдар конституцияда бекітілген адам құқықтарын жүзеге асырмайды».

Ал билікшіл тұлғалар Қазақстан конституциясын «елді қазіргі даму дәрежесіне жеткізген құнды тарихи құжат» санайды. Билік басындағы «Нұр Отан» партиясы өкілдері «Конституция негізінде қазіргі заманғы мемлекеттің берік іргетасы қаланды», «1995 жылы 30 тамыз күнгі референдумда Қазақстан халқы көрегендік танытып, тұрақтылық пен даму конституциясына дауыс берді» деген сарындағы пікірлер айтып келеді.

Бүгін Қазақстан президенті халықты Конституция күнімен құттықтауында "Негізгі заңның нормаларының арқасында экономикалық өсімді, халықтың әл-ауқатының артуын, халықаралық аренада республика беделінің жоғарылауын қамтамасыз еткен терең реформалар жүргізілгенін" атап өткен.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы конституциясын 1993 жылы 28 қаңтарда қабылдаған еді. Оған дейін Қазақстанда 1978 жылы қабылданған Қазақ ССР конституциясы қолданыста болған. 1993 жылғы конституция бойынша Қазақстан парламенттік республика атанды. Алайда билік президенттің өкілеттіліктерін күшейткен 1995 жылғы конституцияның қабылданған күнін мемлекеттік мереке етіп белгіледі.

XS
SM
MD
LG