Accessibility links

Сағидуллаева сотының жарыссөзі аяқталды


Жаңатұрмыс орта мектебінің мұғалімі Айман Сағидуллаева (оң жақта) өзін қолдаушылармен бірге Қарасай аудандық сот ғимараты алдында тұр. Алматы облысы. 18 тамыз 2016 жыл.

Жаңатұрмыс орта мектебінің мұғалімі Айман Сағидуллаева (оң жақта) өзін қолдаушылармен бірге Қарасай аудандық сот ғимараты алдында тұр. Алматы облысы. 18 тамыз 2016 жыл.

Қыркүйектің 1-інде Алматы облысының Қарасай аудандық сотында Жаңатұрмыс ауылдық мектебінің мұғалімі Айман Сағидуллаеваның «өз тәртібін заңсыз талқыға салды» деп мектеп директоры Бекжан Нүсіпбекованың үстінен берген шағымы бойынша өтіп жатқан сот отырысының жарыссөзі қайта жалғасты.

Сот отырысын ашқан судья Айгүл Жаңбырбаева әуелі жарыссөз кезегін жауапкер Бекжан Нүсіпбековаға берді. Шамамен 15 минутқа жуық сөйлеген Бекжан Нүсіпбекова Айман Сағидуллаеваға «педагогикалық әдеп сақтамады» деген себеппен берген ескертуін заңды болғанын түсіндіруге тырысты. Білім және ғылым министрлігінің бірнеше қаулысы мен білім саласындағы мектеп ішіндегі ережелерді алға тартқан Нүсіпбекова «Сағидуллаева ақсақалдар алқасының жиынында әдеп сақтамады» деумен қатар оның «мектеп директорының да ар-намысына тигенін», жиналыстан кейін мектеп директорын жібермей, «кепілдікке алғанын» да айтты. Сонымен қатар директор мұғалімнің «ақсақалдар алқасының жиынынан соң президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қадір-қасиетіне тиетін сөздер айтқанын» бірнеше рет қайталады.

Бекжан Нүсіпбекова сот процесі басталғалы: «Айман Сағидуллаева мамырдың 21-інде педагогикалық кеңеске қатысуы тиіс болғандықтан сол күнге белгіленген жер туралы митингіге баруға рұқсат бермедім. Егер сол күні педагогикалық кеңес өтпесе, оның қайда барамын десе де еркі өзінде еді» деп мәлімдеген. Бірақ Нүсіпбекова бүгінгі жарыссөзде «Сағидуллаева билік рұқсат етпеген заңсыз митингіге бармауы керек еді» деді.

Бекжан Нүсіпбековадан кейін сотқа үшінші тұлға ретінде қатысып отырған азамат – Қарасай аудандық білім бөлімінің өкілі Дәурен Саусақбаев жарыссөзге шығып, өздерінің бейтарап қалатынын, Айман Сағидуллаеваға берілген ескертуді алу немесе алмау туралы шешімді «судьяның өзі таразылағанын күтетінін» айтты. Ол бұған дейінгі сот отырысында мектеп директорының ескертуі заңды деп санайтынын білдірген.

Бекжан Нүсіпбекованың сөздеріне талапкер жақ қарсы пікір (реплика) білдірді. Айман Сағидуллаеваның сенімді өкілі Маржан Аспандиярова «мектеп директоры Айман Сағидуллаеваны қудалау ниетінен әлі де бас тартпағанға ұқсайды» дейді.

Осының алдындағы сот отырысында жарыссөзге шыққан Маржан Аспандиярова Айман Сағидуллаеваның «педагогикалық әдеп сақтамағандықтан емес, азаматтық ұстанымы үшін, жер дауына қатысты митингіге қатысамын дегені үшін қудаланып отырғанын» айтқан.

Екі тараптың жарыссөзі мен қарсы пікірі аяқталғанан кейін судья Айгүл Жаңбырбаева сот шешімін қыркүйектің 5-інде жариялайтынын хабарлап, сот отырысын аяқтады.

Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылы мектебінде қазақ тілі пәнінен сабақ беретін мұғалім Айман Сағидуллаева 2015 жылы мектеп ұстаздарына тікелей міндеттерінен басқа да артық жұмыстар жүктелетіні жөнінде мәселе көтеріп танылған еді. Оның әлеуметтік желідегі жазбалары мен БАҚ-тағы мақалаларынан кейін әлеуметтік желі қолданушылары сол тұстағы білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповті мұғалиманы қудалауды тоқтатуға ықпал етуге шақырып, ашық хат жазып, қол жинаған.

Айман Сағидуллаева биыл мамырдың 19-ында мектеп директоры Бекжан Нүсіпбекованың өзіне «әдеп сақтамағаны үшін» берген ескертуімен келіспей, сотқа шағымданған. Ескерту «2016 жылы мамырдың 19-ы күні мектеп аясында Райымбек округінің ақсақалдар кеңесі мүшелерінің кезектен тыс кездесуі барысында педагогикалық әдеп қағидаларын сақтамағаны үшін» берілген. Сағидуллаева соттан ол ескертуді заңсыз деп тануды сұрайды.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG