Accessibility links

Сот Боқаевтың шағымын тағы да қанағаттандырмады


Азаматтық белсенді Макс Боқаев. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.

Атырау облыстық соты Макс Боқаев адвокатының оны қамауда ұстау мерзімін қысқарту туралы апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

Бұл туралы Азатыққа хабарлаған Ақмарал Боқаева соттан бұдан өзге шешім күтпегендерін, бірақ заңда қарастырылған мүмкіндіктердің бәрін пайдалануға тырысқандарын айтты.

26 тамыз күні қала сыртындағы тергеу изоляторында өткен көшпелі Атырау қалалық соты азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның тұтқындау мерзімін қыркүйектің 30-ына дейін ұзарту туралы шешім шығарған еді. Тамыздың соңындағы сот отырысында істі тергеп жатқан Атырау облыстық ҰҚК департаменті тергеу тобының жетекшісі Амангелді Әбуғалиев іс материалдарымен танысу үшін тағы бір ай уақыт керектігін мәлімдеген болатын. Бұған қоса тергеу тобы басшысы «бостандықтағы күдіктілердің жасырынуы, істі тергеуге кедергі келтіруі мүмкін екені» туралы уәж айтқан.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның адвокаттары жазаны басқа «ешқайда шықпау, үй қамақта отыру немесе жеке кепіл төлеп шығару» сияқты түрлеріне ауыстыруды сұрап бірнеше мәрте шағымданған.

Атыраулық қос белсенді «алауыздық тудырды», «заңсыз митинг ұйымдастырды» дәген және басқа да бірнеше айыптаулармен биыл мамырдың 17-сінен бері қамауда отыр. Олар 24 сәуірде Атырауда болған жер реформасына қатысты өткен жаппай митингтен кейін тұтқындалған еді. Қамаудағылар өздеріне тағылған айыпты әлі мойындаған жоқ.

XS
SM
MD
LG