Accessibility links

Бесланда екі басылымның журналистеріне шабуыл жасалған


Бесланда журналистерге жасалған шабуыл. 3 қыркүйек 2016 жыл.
Бесланда журналистерге жасалған шабуыл. 3 қыркүйек 2016 жыл.

Бесланда сенбі күні 2004 жылғы оқиға құрбандарын еске алуға арналған қаралы шара кезінде белгісіз біреулер «Новая газета» тілшісі Елена Костюченко мен «Такие дела» басылымының журналисі Диана Хачатрянға шабуылдаған. Олар журналистерге көкдәрі (зеленка) шашып, телефондарын тартып алған деп хабарлады «Такие дела» басылымының негізін қалаушы Дмитрий Алешковский.

Алешковский әлдекімдердің аталған екі журналисті күні бойы сыртынан аңдып, қоқан-лоқы жасағанын айтады. «Новая газета» басылымының Кавказдағы тілшісі Елена Милашина қарапайым азаматтар тәрізді киінген шабуылдаушыларға полиция қызметкерлерінің еш бөгет жасамағанын жазады. Шабуыл кезіндегі полицияның іс-әрекетіне байланысты «Новая газета» Ресей тергеу комитетіне шағым түсірмек ниетте.

Осыдан 12 жыл бұрын мектептегі жандарды кепілге алу оқиғасы кезінде балалары қаза болған немесе зардап шеккен бірнеше әйел Бесланда биыл 1 қыркүйекте наразылық акциясына шығып, қайғылы оқиғаға әділ тергеу жүргізуді талап еткен. Полиция оларды «Новая газета» тілшісі Елена Костюченко және «Такие дела» басылымының журналисі Диана Хачатрянмен бірге ұстаған. Қыркүйектің 2-сіне қараған түні өткен сот әйелдерге айыппұл салып, қоғамдық жұмыс атқаруды міндеттеу туралы шешім шығарған.

2004 жылы қыркүйектің 1-і күні Бесландағы 1-мектептің 1200-ден аса оқушысы мен мұғалімін қарулы содырлар кепілге алған. Теракт және кепілдегілерді босату операциясы барысында қаза болған 334 адамның 186-сы – балалар.

XS
SM
MD
LG