Accessibility links

АҚШ пен Қытай климат жайлы Париж келісімін ратификациялады


АҚШ президенті Барак Обама (оң жақта) мен Қытай президенті Си Цзиньпин.

АҚШ президенті Барак Обама (оң жақта) мен Қытай президенті Си Цзиньпин.

АҚШ пен Қытай «Үлкен жиырмалық» саммиті алдында ғаламдық климаттың өзгеруі туралы Париж келісімін ратификациялады.

Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен рәсім кезінде АҚШ президенті Барак Обама мен Қытай президенті Си Цзиньпин халықаралық келісімді ратификациялау туралы құжаттарды БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунға ресми түрде табыс етті.

«Париж келісіміне қосыла отырып біз климаттың өзгеруіне қарсы күрес саласындағы ортақ міндетті бөлісе атқаруға ниет білдіреміз», - деген Обама.

Келісімге қосылған әр ел ғаламдық жылымыққа әсер ететін «парник газдарын» (СО2) ауаға шығаруды азайтуға септесуге міндеттеме алады.

Париж келісімінде 2020 жылдан бастап дамушы мемлекеттерге жыл сайын климатты сақтауға байланысты технологиялық және өнеркәсіптік мұқтаждығына 100 миллиард доллар қаржы бөліп отыру қарастырылған.

2015 жылы желтоқсанда Парижде өткен ғаламдық форумда қабылданған келісімге 175 ел қол қойып, қазіргі кезге дейін құжатты 23 мемлекет ратификациялаған. Әлемде ауаға көмірқышқыл газын ең көп шығаратын елдер қатарында Ресей, АҚШ және Қытай бар.

Келісімге қол қойған елдердің атмосфераға шығаратын ортақ парник газы көлемі әлемдік көрсеткіштің 55 пайызынан аспауы тиіс. Келісім күшіне енуі үшін оны кемінде 55 мемлекет мақұлдауы керек.

XS
SM
MD
LG