Accessibility links

Бандерашыларға қарсы соғысқандар ҰОС ардагерлерімен теңестірілмек


Тамара Дүйсенова, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі
Тамара Дүйсенова, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі

ТМД аумағында бандерашыларға қарсы әскери операцияларға қатысқандар фашистік Германиямен Совет одағымен соғысына қатысушылармен теңестіріледі деп мәлімдеді денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова. Бұл туралы министр парламент мәжілісінде Ұлы Отан соғысына, өзге елдің аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысқандар мен мүгедектерге арналған жеңілдіктер және кепілдіктерді өзара тану туралы келісімге түзетулер мен өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы мақұлдайтын заң жобасын таныстыру кезінде айтты. Келісім 1994 жылы 15 сәуірде қабылданған.

Дүйсенованың айтуынша, келісім советтік жеңілдіктер мен кепілдіктер жүйесіне негізделіп жасалғандықтан, оған өзгерістер енгізу қажет. Оның үстіне, қазір ТМД елдерінің әрқайсысында әлеуметтік-экономикалық салада өзінің жеке заңдары қабылданып, әлеуметтік саясаттың өзгеше моделі жасалған.

Хаттамада ТМД елдерінің бірқатарында кейбір жеңілдіктердің ақшалай төлемдермен ауыстырылғаны ескерілген. Келісімге қол қойған мемлекет территориясына уақытша барған өзге ел ардагерлеріне арналған жеңілдіктер тізімі де нақтыланған.

Тамара Дүйсенованың сөзінше, 1944 жылдың 1 қаңтарынан 1951 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта Украина ССР-і, Беларусь ССР-і Литва ССР-і, Латвия ССР-і және Эстония ССР-і территорияларындағы "заңсыз құрылымдар мен топтарды" жою әскери операцияларына қатысқандарды да келісім бойынша жеңілдіктер мен кепілдіктер көрсетілетіндер тізіміне енгізу қаралған.

Бұрын СССР құрамында болған мемлекеттерде «Ұлы Отан соғысы» деп Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гитлерлік Германияның Совет Одағына (СССР) жасаған шабуылын атайды.

Совет кезеңінде бандерашылар деп Украинада екінші дүниежүзілік соғыс пен одан кейінгі жылдары әрекет еткен, Степан Бандера басқарған украин ұлтшылдарының астыртын ұйымына кіргендерді айтқан.

XS
SM
MD
LG