Accessibility links

Оралда коммуналдық кәсіпорынның бұрынғы қызметкері сотталды


"Жайықжылуэнерго" компаниясының мемлекеттік сатып алу бөлімінің бұрынғы басшысы Бәкір Кәрімов үкім жарияланатын кезде. Орал, 7 қыркүйек 2016 жыл.

"Жайықжылуэнерго" компаниясының мемлекеттік сатып алу бөлімінің бұрынғы басшысы Бәкір Кәрімов үкім жарияланатын кезде. Орал, 7 қыркүйек 2016 жыл.

Орал қалалық сотының судьясы Асқар Исмайылов бүгін "Жайықжылуэнерго" компаниясының мемлекеттік сатып алу бөлімінің бұрынғы басшысы, қаржы жымқырды деп айыпталған Бәкір Кәрімовке үкім шығарды. Судья Кәрімовті жеті жылға соттап, дүние-мүлкі тәркіленсін және мемлекеттік органдарда қызмет істеу құқығынан бес жылға айырылсын деген үкім кесті.

35 жастағы Бәкір Кәрімов "сеніп тапсырылған бөтеннің аса ірі көлемдегі мүлкін иеленді немесе талан-таражға салды" деп айыпталған.

Соты сонымен қатар "Жайықжылуэнергоның" Кәрімовтен 349 миллион теңге өндіріп беру туралы азаматтық шағымын да қанағаттандырды. "Жайықжылуэнерго" - Оралды жылумен қамтамасыз етуге жауапты және облыстық әкімдік меншігіндегі коммуналдық кәсіпорын.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, Бәкір Кәрімов 2014 жылы сәуірде Ресейдің Калуга облысындағы компаниямен келісім жасасқан. Компания жылу электр станциясының газ турбина қондырғысына 698 миллион теңгеге қосалқы бөлшек жеткізуге міндеттелген. Іс материалдары бойынша, 349 миллион теңге алдын ала төлем жасаған соң ресейлік компания "бұрын қолданыста болған және сапасы туралы құжаты жоқ" қосалқы бөлшек жеткізген. Тергеушілер Кәрімов сатып алу және сату туралы осы келісімге жауапты дейді.

Кәрімов соттағы соңғы сөзінде өзіне тағылғанайыпты толық жоққа шығарып, тауар жеткізушіні таңдауға құзіретті және ақшаны аударуға жауапты болмағанын айтты.

Бәкір Кәрімовтің есімі 2011 жылы тамызда оған қастандық жасалғанда жергілікті БАҚ-та көп аталған. Сол кезде Кәрімов Батыс Қазақстан облыстық қаржы полициясы департаментінің экономикалық қылмыстармен күрес бөлімінің бастығы болып тұрған. Түнде оны үйінің есігі алдында белгісіз адам басынан жарақат салатын тапаншамен үш рет атып кеткен. Ол кезде коррупцияға қарсы ведомство басшылығы қастандықтың Кәрімовтің кәсіби қызметімен байланысысын жоққа шығармаған. Қылмыс сол күйі ашылған жоқ. Бұдан соң Кәрімов қаржы полициясы органындағы қызметінен кетіп, "Жайықжылуэнерго" компаниясына жұмысқа орналасқан.

Кәрімовтің адвокаты Рашид Хисаметдинов Азаттыққа сот шешіміне шағымданатынын айтты.

XS
SM
MD
LG