Accessibility links

Ақтауда «6 жасар баланы зорлады» деген күдікті ұсталды


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Ақтауда «6 жасар қыз баланы зорлады» деген күдікті ұсталды деп хабарлады Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков. Ол күдіктінің Ақтау қаласының бұрын сотталмаған 32 жастағы тұрғыны екенін айтты.

«Молекулалық-генетикалық сараптама қорытындысы оның зорлауға қатысы бар екенін көрсетті. Қазір «адам ұрлау», «зорлау» және «өлтіру үшін қастандық жасау» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ол кінәсін толық мойындады» деді Қайрат Дәлбеков.

Күдіктінің жүйке аурулары диспансерінде тіркеуде тұрғанын айтқан Қайрат Дәлбеков ол азаматтың ақыл-есінің дұрыстығына қатысты қосымша сараптама тағайындалғанын мәлімдеді.

Ақтау қаласында тұратын алты жасар қыз баланың жоғалғанын оның ата-анасы полицияға 20 тамыз күні хабарлаған. Сол күні кешке қарай бала қала шетіндегі «Нұр Плаза» жағажайы маңынан табылған. Дәрігерлер баланың зорланғанын растап, Маңғыстау полициясы қылмыстық кодекстің «зорлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Қазір зәбір көрген бала Астанадағы «Ана мен бала» ғылыми орталығында комада жатыр. Дәрігерлер оның жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатқанын, жағдайының дәрі-дәрмек көмегімен тұрақты ауыр күйде сақталып тұрғанын хабарлаған.

Маңғыстау облыстық әкімдігі 26 тамызда баланы зорлаған адамды тауып бергендерге 3 миллион теңге сыйақы берілетінін хабарлаған. Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков «күдіктіні полицейлер ұстағандықтан ешкімге сыйақы берілмейтінін» айтты.

XS
SM
MD
LG