Accessibility links

Армения премьерінің отставкаға кетуі мүмкін екені хабарланды


Овик Абрамян, Армения премьер-министрі.

Овик Абрамян, Армения премьер-министрі.

Ресейлік және батыстық ақпарат құралдары Армения премьері Овик Абрамян үкіметі елдегі экномикалық өсім күрт төмендеп, ара-тұра болып қалатын азаматтық толқулар тұсында отставкаға кетуі мүмкін екенін хабарлады.

"Интерфакс" және Reuters агенттіктерінің іс басындағы Армения республикалық партиясының ресми өкілдеріне сілтеме жасап хабарлауынша, Абрамян үкіметін отставкаға жіберу мәселесі 8 қыркүйекте партия кеңесінің жиынында қаралады.

Бірнеше апта бұрын Армения президенті Серж Саргсян "ұлттық келісім" үкіметін құру ниеті барын мәлімдеген. Оның баспасөз хатшысы үкіметті алмастыру туралы ақпаратқа комментарий бермеді.

Абрамян премьер-министр қызметін екі жылдан бері атқарып келеді. Өткен жылы Арменияның сыртқы көмекке, оның ішінде Ресейге кеткен еңбек мигранттары аударатын қаржы мен Ресейге тәуелділігінен экономикалық өсім күрт төмендеген.

Абрамян үкіметі тұсында Таулы Қарабақта жаңа жанжал шығып, Ереванда оппозицияшыл саясаткердің босатылуын талап еткен қарулы топ полиция бөлімін басып алды.

Армениялық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Абрамянның орнына технократ, бұрын Арменияның газ тасымалы компаниясын басқарған және Ереван мэрі болған Карен Карапетян премьер болуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG