Accessibility links

Жеті әкімі "парамен ұсталған" Мақтаралда екі шенеунік жұмыстан кетті


Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).
Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Таяуда жеті ауылдық округтың әкімі парамен ұсталған Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында аудан әкімінің орынбасары Марат Абуов пен аудан әкімі аппаратының басшысы Әлішер Есенбеков жұмысынан кетті. Бұл ақпаратты Азаттыққа аудан әкімі Ғалым Исмаилов растады.

- Аудан әкімі аппаратының басшысы Әлішер Есенбеков пен аудан әкімінің орынбасары Марат Абуов өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтініш жазып, қызметінен кетті, - дейді аудан әкімі.

Ғалым Исмаилов шенеуніктердің жұмыстан босауы аудандағы жеті ауылдық округ әкімдерінің парамен ұсталуымен байланысы бар-жоғын ашып айтпады.

Екі шенеунік те жұмыстан шығу туралы өтінішін жеті әкімнің парамен ұсталғаны туралы ақпарат тараған күні, яғни 6 қыркүйекте жазған.

Аудан әкімі апаратының бұрынғы басшысы Әлішер Есенбеков Азаттыққа "Жұмыстан кет деген соң өз еркіммен кеттім" дейді. Ол "жеті әкімнің парамен ұсталғанына байланысты" жұмыстан шыққанын растады.

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданындағы жеті ауылдың әкімдері «парамен ұсталғанын» мемлекеттік қызмет істері министрлігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы хабарлаған еді.

Бюро аудандағы Жаңажол, Атакент, Мырзакент, Еңбекші, Жамбыл, Иіржар және Қалыбекова ауылдық округтерінің "мемлекет қаржысын талан-таражға салған" әкімдері "қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін осы бюро департаменті мамандарына жалпы сомасы 4 миллион 90 мың теңге пара беру кезінде ұсталғанын" хабарлаған.

Мекеме дерегінше, жоғарыда айтылған ауыл әкімдері мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдармен бірлесіп, "Балапан" және "Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына" мемлекет қазынасынан бөлінген 100 миллион теңгеден астам қаражатты "талан-таражға салған".

XS
SM
MD
LG