Accessibility links

Әшімбаев: Заң жобасында идеологиялық мәселелер ескерілмеген


Парламент мәжілісінің депутаттары. Астана, 7 қыркүйек 2016 жыл (Көрнекі сурет).
Парламент мәжілісінің депутаттары. Астана, 7 қыркүйек 2016 жыл (Көрнекі сурет).

Экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң актілеріне ұсынылған өзгерістер мен түзетулер туралы заң жобасында салафи идеологиясына қарсы шаралар ескерілмеген. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бұл туралы бүгін парламент мәжілісінде аталған заң жобасын талқылау кезінде мәжілістің халықаралық іс, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.

- Заң жобасында салафизмге идеологиялық тұрғыдан қарсы тұру сияқты ұғым жоқ. Себебі, салафилік - идеология. Идеологияға оған қарсы идеологиямен ғана қарсы тұруға болады. Яғни, бұл саладағы еліміздің саясатын, мысалы ханафилік мазхабты түсіндіруіміз керек. Жалпы алғанда, заң жобасында идеологиялық және басқа да қызметтерге қатысты мәселелер ескерілмей қалған сияқты сезіліп тұр, - деді Мәулен Әшімбаев.

Депутат мәжілістің жұмыс тобында бұл мәселелерді талдап, бұл саладағы халықаралық тәжірибені зерттеп көруге шақырды.

Ақтөбедегі шабуылдардан кейін билік және қоғам өкілдері Қазақстандағы діни радикализм, оның ішінде салафилік жөнінде пікір айтуды жиілетті. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев маусымның 10-ы күні Ақтөбедегі оқиғаны «салафиттер тобының террористік шабуылы» деп бағалады.​

Өткен айда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Жұмақанов Қарағанды облысында "террористік әрекет жасамақ болды" деген күдікпен ұсталған алты адамның "салафи ағымын ұстанғанын" мәлімдеген.

Қазақстанда бұған дейін "салафи бағыттағы идеологияны ұстанады, қолдады, терроризмді насихаттады" деген айыппен ондаған адам сотталған.

XS
SM
MD
LG