Accessibility links

Шымкенттік белсендінің пикет өткізуіне рұқсат етпеді


Шымкент қаласы әкімдігінің ғимараты (Көрнекі сурет).
Шымкент қаласы әкімдігінің ғимараты (Көрнекі сурет).

Шымкент қалалық әкімдігі Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының үйлестірушісі Данияр Құлтаевтың тұрғын үй және жер мәселесі бойынша пикет өткізуіне рұқсат етпеді.

Данияр Құлтаевтың Азаттыққа айтуынша, ол 2 қыркүйек күні Шымкент әкімінің атына қаладағы Тәуелсіздік алаңында немесе Абай саябағындағы Даңқ мемориалында 15 қыркүйек күні пикет өткізу үшін өтініш білдірген. Құлтаев "бар мақсатым осы мәселеге қоғамдық ой тудырып, шешілуіне қарқын беру еді" дейді.

- Бүгін пикет өткізуге жазған өтінішіме байланысты қала әкімі Ғабидолла Әбдірахмановтың 7 қыркүйекте шығарған қаулысын алға тартқан әкімнің орынбасары Қайрат Нұртайдың ресми жауабын алдым. Онда қала әкімі өтінішімнің заң талаптары мен қалалық мәслихаттың шешіміне сәйкес келмеуіне байланысты қанағаттандырылмайтынын айтады, - дейді ол.

Данияр Құлтаев әкімдіктің жауабына қанағаттанбайтынын айтады. Ол 2005 жылдан бері жер кезегінде тұрмын дейді. Ресми мәлімет бойынша, қалада жер кезегінде тұрған азаматтардың саны 70 мыңға таяған.

- Бұл жерде қала әкімдігі конституциялық құқығымды аяққа таптап отыр. Жер кезегінде тұрғаныма 10 жылдан асты. Мен сияқты он мыңдаған адам кезек күтіп жүр. Бар ойым жеке мәселемді көтеру арқылы қоғамдық ой тудырып, мәселенің шешілуіне сеп болу еді, - дейді ол.

Данияр Құлтаев - мамыр айында Шымкентте "жер мәселесіне қатысты митинг болатыны туралы хабар таратқаны үшін" 15 тәулікке қамалған үш белсендінің бірі.

XS
SM
MD
LG