Accessibility links

Мақтаралда «парамен ұсталған» 7 әкім 2 айға қамалды


Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының басқарма басшысының орынбасары Болат Жұматаев. Шымкент, 9 қыркүйек 2016 жыл.
Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының басқарма басшысының орынбасары Болат Жұматаев. Шымкент, 9 қыркүйек 2016 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданының "парамен ұсталды" делінген жеті ауыл әкімдері екі айға қамалды деп хабарлады Азаттыққа облысы әкімдігінде өткен брифингте облыс прокуратурасының басқарма басшысының орынбасары Болат Жұматаев.

Оның айтуына қарағанда, 7 ауылдық округтың әкімі соттың санкциясымен қамалған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

- Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы балабақшаларға бөлінген қаражаттың жымқырылуына байланысты тергеу жүргізіп жатқан кезде әкімдер өз мәселелерін жеңілдету мақсатында бюроның қызметкерлеріне пара ретінде ақша ұсынған, - дейді ол.

Болат Жұматаев бұл іс бойынша балабақша құрылтайшыларына қатысты да қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Мақтарал ауданындағы жеті ауылдың әкімдері "парамен ұсталғанын" 5 қыркүйек күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы хабарлаған. Онда Жаңажол, Атакент, Мырзакент, Еңбекші, Жамбыл, Иіржар және Қалыбекова ауылдық округтерінің "мемлекет қаржысын талан-таражға салған" әкімдері "қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін осы бюро департаменті мамандарына жалпы сомасы 4 миллион 90 мың теңге пара беру кезінде ұсталғаны" айтылған.

"Лауазымды тұлғалар мектепке дейінгі мекеме басшыларымен бірігіп, тәрбиеленушілердің жалған тізімін жасаған. Бір баланы бірнеше балабақша тәрбиеленушілерінің тізіміне енгізіп, бала санын қолдан көбейткен. Осылайша жұмсалатын шығын көлемін өсірген" дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы.

Мекеме дерегінше, жоғарыда айтылған ауыл әкімдері мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдармен бірлесіп, "Балапан" және "Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына" мемлекет қазынасынан бөлінген 100 миллион теңгеден астам қаражатты талан-таражға салған.

XS
SM
MD
LG